Қазір қазақстандық студенттерге мүмкіндік көп. Олар университетте білім алып қана қоймай, түрлі елдегі халықаралық компанияларға барып, тәжірибе жинай алады. Мәселен, Қазақ-Британ техникалық университетінің студенті Дінмұхамед Тұрсынбай Huawei-дің Қытайдағы кеңсесінде тағылымдамадан өтіп жүр. Baribar.kz тілшісі болашақ ІТ маманымен тілдесіп, оның ірі компанияда тағылымдамадан өтуге мүмкіндікті қалай алғанын сұрап білді.
«Есеп шығарғанды жаным сүйетін»
22 жастамын. Достарым мен әріптестерім мені Димаш не Дими деп атайды. Мектеп кезінен есеп-қисапқа жақын болдым, есеп шығарғанды жаным сүйетін. Сол себепті оқушы кезімде түрлі олимпиадаға қатыстым. Мектепті бітірген соң, ІТ саласын таңдап, Барселона қаласында, Гонгонк қаласында университетте оқыдым. Дегенмен пандемия кезінде шетелде оқудың машақаты көбейіп кетті. Сөйтіп Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетіне ауыстым. Мұнда компьютерлік технология және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығының 3-курс студентімін. Оған қоса қазір Huawei компаниясының Қытайдың Сиянь қаласында орналасқан бас кеңсесінде тағылымдамадан өтіп жатырмын.
«Олимпиада Huawei-де тәжірибе жинауыма мүмкіндік берді»
Университет қабырғасында да түрлі жарысқа, олимпиадаға қатыстым. Кезінде оқушылар қатысатын Жәутіков атындағы олимпиаданың жүлдегері болсам, қазір осы жарысқа арнап есеп құрастырамын, қазылары алқасының мүшесімін. ҚБТУ-дың ішінде өтетін олимпиадаға да тапсырма беретін есептерді дайындап беремін.
Былтырдан бастап ICPC World Finals жарысына қатыса бастадым. Бұл — 1970 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан, әлемнің түпкір-түпкірінен студенттер қатысатын, халықаралық бағдарламалау олимпидасы. Онда жыл сайын алты континенттен, 161 елден 70 мың студент бақ сынап, түрлі алгоритм тапсырмаларын орындайды. Сайыста есеп, логика, алгоритмге қатысты 13 тапсырма беріледі. Біздің командамыз былтыр да, биыл да іріктеуден өтті. Былтыр 140 команданың ішінен 36-орын алдық. Биыл 51-орынға жайғастық. Дегенмен биыл біздің команда, нақтырақ айтқанда, мен бір сайыстағы есепті бірінші болып шығардым. Ол үшін бізге арнайы статэутка беріп, марапаттады. Сөйтіп, біз сол есепті әлемде бірінші болып шығарған команда болдық.
Дегенмен жартылай финалда Huawei компаниясының өкілдерінің көзіне түстім. Huawei компаниясы — ICPC World Finals олимпиадасының демеушілерінің бірі. Ірі компанияның өкілдері жарысты қолдап, сайыста өзінің мүмкіндіктері туралы айтып береді. Оған қоса білімді, зерек студенттерді бақылап, үздіктерін, көзінде оты барларын, құлшынысы бар студенттерді компанияда тағылымдамадан өтуге немесе жұмыс істеуге шақырады. Компанияның болашақта тәжірибелі ІТ маманы болуым үшін беретін мүмкіндігін естіген соң, мен де қызықтым. Сөйтіп жартылай финал, финал кезінде Huawei өкілдерімен жақынырақ таныстым. Олар да мені байқаған екен. Нәтижесінде маған компанияның шетелде орналасқан кеңсесінде тағылымдамадан өтуге жолдама берді.
«Huawei-дің жүрегіне келдім»
Huawei сияқты ірі компанияның түрлі елде — Еуропада, Ресейде, Белорусь Республикасында және тағы басқа елде кеңсесі бар. Бұған дейін Ресей, Белорусь Республикасы елдерінде болғанмын. Сондықтан Қытайда орналасқан кеңсесінде тағылымдамадан өткім келді де, осы елді таңдадым. Қытайдағы кеңсе — Huawei-дің жүрегіне келдім.
Қытайдағы Huawei компаниясының кеңсесінде өтіп жатқан тағылымдамамның бірқатар тиімді тұсы бар. Біріншіден, қазір университетте зерттеу әдісі деген сабақ басталды. Оның теориясын онлайн оқып, практикасын Қытайда іске асырып жатырмын. Екіншіден, Huawei — әлемдегі ең ірі халықаралық компанияның бірі. Мұнда мықты, білікті мамандар істейді. Олардан үйренерім көп. Үшіншіден, студент болып жүріп табыс табуға мүмкіндік алдым. Huawei компаниясы жолақымды, қонақүйдің ақысын төлеп берді. Ал Қытайдағы кеңседегі қызметкерлер елге тез үйренуіме, банк картасы, сим-карта және тағы басқа құжаттарымды жасауға көмектесіп жатыр. Оған қоса жалдамалы пәтерді табуға жәрдемдесті. Ол аздай, жақында осы жерден тағылымдамадан өтіп жатқаным үшін жалақы аламын. Төртіншіден, аспан асты елінің мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік туды. Huawei-дің кеңсесі Қытайдың ең ірі ішкі қалаларының бірі Сияньда орналасқан. Бұл қалаға көп турист бара бермейді. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі ағылшын тілін білмейді, бәрі өз тілінде сөйлейді. Әрине, бұл бір жағынан қиын. Екінші жағынан, осы елдің тілін үйренуге, мәдениетімен, дәстүрімен, халқымен танысуға мүмкіндік береді.
Жоспар бойынша, бұл жақта қысқа дейін боламын. Емтихан кезінде елге барып қайтамын. Жұмысым Huawei өкілдеріне, олардың компаниясы маған ұнап жатса, басқа қаладағы, елдегі кеңседен тағылымдамадан өте алатынымды, тіпті жұмысқа қабылдана алатынымды айтты. Қазіргі уақытта 10 мыңнан астам адам істейтін, барлық жағдай жасалған үлкен кеңседе жұмыс істейтініме қуаныштымын. Әлі болашақта қай салада істейтінімді, әлде магистратура оқып-оқымайтынымды шешпедім. Жолымды табуда Huawei-дің септігі көп болары анық.
Басқа студенттерге, жастарға қызығушылығына қарай түрлі олимпиадаға, жарысқа қатысуға кеңес беремін. Себебі мұндай жарыстарды Huawei сияқты түрлі халықаралық компаниялар қолдайды. Тек жарыс жүлдесін емес, мықты ІТ маманы атануға көмектесетін мүмкіндікке ие бола алады.