Шығыс Қазақстан облысында президент тапсырмасынан кейін Бұқтырма су қоймасына салынған көпірге 100-ден астам камера қойылды.
Бұл туралы көлік министрлігі хабарлап отыр.
Күршім мен Самар аудандарын жалғайтын Бұқтырма су қоймасындағы көпір ашылғаннан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде одан 1,5 мыңнан астам көлік жүріп өтті.
Көпірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін онда 102 камера орнатылған. Оның 62-сі үстіңгі жағында, 40-ы астыңғы тұсында. Камералардағы жазбалар тікелей бақыланып отырады, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар мұз қатқан кезде көпір тіректері зақымданбауы үшін учаскеде 40 мұз кескіш жұмыс істейді.
Көпірдің стратегиялық маңызы бар болғандықтан оның екі жағына полиция бекеттері қойылып, тәулік бойы бақылау орнатылған. Көпірге техникалық қызмет көрсетуді бақылау үшін бейнекамераларға тұрақты қосылу мүмкіндігі бар диспетчерлік пункттер жұмыс істейді, — делінген хабарламада.