336 мың қорап темекіні Қазақстаннан алып шықпақ болғандар әшкере болды. Бұл туралы ҰҚК хабарлап отыр.
17 қазанында «Шаған» автокөлік өткізу пунктінде ҰҚК ШҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті темекінің ірі партиясын әкетудің жолын кесті.
336 мың қорап темекі өнімдерін ілеспе құжаттарсыз, құрылыс материалдары түрінде мемлекеттік шекарадан өткізуге әрекеттенген. Алдын ала бағалау бойынша, тәркіленген тауардың құны 200 миллион теңгеден асады, — делінген хабарламада.
Ұсталған жүк әрі қарай қаралуы үшін өңірдегі мемлекеттік кірістер департаментіне берілгені айтылды.