№86 Шымкент–Астана пойызында жолаушы әйел босанды. Бұл туралы Жолаушылар тасымалы кәсіпорны хабарлап отыр.
Әйел күйеуімен оңтүстік мегаполистен Астанаға бара жатқан, ол жүктіліктің соңғы айында болған.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 қазаннан 22 қазанға қараған түні сапар кезінде әйелдің толғағы қысқан.
Сағат 23.30-да күйеуі көмек сұрап, жолсеріктерге жүгінді. Пойыз бастығы Гүлшат Қарақұлова мен жолсерік Анар Адамбаева қажетті көмек көрсетіп, аман-есен босандырып алды. 21 қазанда сағат 23.55-те дені сау сәби дүниеге келді, – делінген хабарламада.
Нұсқау бойынша жақын маңдағы Сары-Шаған станциясына жедел жәрдем шақырылған, ол жолаушы Кенжееваны күйеуі және жаңа туған нәрестемен пойыз келген кезде күтіп алған.
Пойыз жұмысшылары әдеттен тыс жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренеді, – делінген хабарламада.