Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері қанша қылмыскерді ұстағандарын хабарлап отыр.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері криминалдық полиция 647 шетелдік қылмыскерді іздестіріп ұстады. Осы кейінгі айдың өзінде олардың 34-ін құрықтады. Мысалы, Қостанай облысында тәртіп сақшылары 44 жастағы Ресей азаматын ұстаған. Ол 2021 жылы Бішкекте Қырғыз Республикасының лауазымды тұлғаларымен 7 миллион сомды иемденіп, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған.
Солтүстік Қазақстан облысының аумағында Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарымен іздеуде жүрген тағы бір шетел азаматы ұсталды. Ол 2023 жылы Түменде топ құрамында жергілікті тұрғыннан 300 мың рубль мен Toyota Camry автокөлігін бопсалаған.
Жалпы биыл Қазақстан полициясы 1 596 қылмыскерді ұстап, хабар-ошарсыз кеткен 1 058 адамның орналасқан жерін анықтады, — делінген хабарламада.