Басты бетЖаңалықтарАлматы облысында...

Алматы облысында заң бұзған 50 шетел азаматы елден шығарылды

Алматы облысында көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау бойынша жедел-профилактикалық іс-шаралар аяқталды. Оның қорытындысы бойынша 50 шетел азаматы елеулі бұзушылықтар үшін елден шығарылды.

Бұл туралы Алматы облысы көші-қон қызметі басқармасы хабарлап отыр.

Іс-шаралар барысында бұзушылықтардың 1 037 фактісі анықталды.

Бұзушылықтардың көпшілігін, яғни 1001 жағдайды ТМД елдерінің азаматтары, тағы 36-сын алыс шетелдердің азаматтары жасады. Негізгі мәселелер рұқсат етілген мерзім аяқталғаннан кейін (449 жағдай) елден уақытылы кетпеу және 10 күннен артық (480 жағдай) кетуден жалтару болды. Сонымен қатар заңсыз еңбек қызметіне байланысты 85 бұзушылық тіркелді, – деді Алматы облысы көші-қон қызметі басқармасының бастығы Рүстем Жарықбасов.

Бұдан басқа, тексеру нәтижесінде шетел азаматтарын қабылдаған жеке және заңды тұлғаларды қоса алғанда 237 адам заңнаманы сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бес күн ішінде 481 адам есепке алынды, ал 23 бұзушы қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Төрт бұзушылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, — делінген хабарламада.