Астана әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында қалада жаңа мектептердің салынып жатқанын мәлімдеді.
Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайты хабарлап отыр.
Білім ошақтарының құрылыс барысымен таныстым. Жыл соңына дейін тағы тоғыз мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 2024-2025 жылдар аралығында жаңа форматтағы 24 мектеп салынады. Жыл соңына дейін ашылатын мектептерді ескерер болсақ, тапсырылатын жайлы мектептердің жалпы саны 17 болмақ. Мәселен, қыркүйек айында 15 мектеп аштық. Олардың тоғызы – «Жайлы мектеп» жобасы аясында. Жыл соңына дейін тағы тоғыз мектеп ашамыз, оның сегізі – ұлттық жоба аясында. Осылайша, тоғыз жаңа мектеп екі ауысымда тағы 30 мыңнан астам оқушы орнын құрады. Бұл оқу орындары тағы төрт мектепте үш ауысымды оқыту, үш мектепте тығыздылығы жоғары режимі мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Біз сол сияқты алдағы жылдарға да дайындалып отырмыз. 2025 жылы тағы 20-дан астам мектеп салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Оқу орындарының құрылысына жеке инвестициялар да тартамыз, — делінген хабарламада.