Минералды тыңайтқыштар шығаратын «Еврохим» компаниясы Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласында жылына 740 мың тонна фосфор өндіреді. Ал қазір компания екінші және үшінші кезеңді дамыту үшін екі объект салып жатыр. Бұл — күкірт қышқылы зауыты және минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіптік өнімдер шығаратын химиялық кешен. Baribar.kz тілшісі Жаңатасқа барып, салынып жатқан кешенді көріп қайтты.
Жаңа кешен не себепті баламасы жоқ жоба деп аталады?
Әуелі Алматыдан кешқұрым Шымкентке ұштық. Шымкенттен жеңіл көлікпен екі сағаттай жүріп отырып, Жамбыл облысы, Сарысу ауданындағы Жаңатас қаласына жеттік. Жел ұрып тұр. Күн де біраз салқындаған. Түнделетіп келген соң ба, мұндай шалғай аумақта қала бар деп ойламайсың. Бұл аймақтағы халықтың біршама бөлігін осы «Еврохим» компаниясы жұмыспен қамтып отыр.
Ертесіне фосфор қазып жатқан карьер мен компания салып жатқан химиялық кешеннің орнын көруге бір топ журналист аттандық. Келіп тұрғанымыз — Аралтөбе учаскесі. 1913 жылы ашылған. Осы 11 жыл ішінде 21 млн куб тау жынысы өндірілген. Карьердің ұзындығы — 3,5 шақырым, ені — 450 метр. Карьердегі жұмысқа 30-ға жуық техника қолданылады.
Мұнда 650-ден астам адам жұмыс істейді. Дені — облыс азаматтары. Компания басшылығының айтуынша, жұмысшылардың айлық жалақысы нарықтағы жалақыдан жоғары, әлеуметтік пакет, емделуге жәрдемақы қарастылырылған. Әрі түскі ас тегін беріледі. Жұмысшылар тіпті тісін де компания есебінен емдей алады.
Карьерді көрген соң қайтадан көлікке міндік. Ендігі бағыт — «Еврохим» компаниясы салып жатқан күкірт қышқылы зауытының құрылысы және минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіптік өнімдер шығаратын химиялық кешен. Қазір Жаңатаста жылына 740 мың тонна фосфорит ұнын өндіретін тау-кен кешені бар. Жаңа обьектілерді қосқанда, барлық зауыт бірыңғай өндірістік тізбекпен өзара байланысып, бірқатар стратегиялық маңызды өнім шығарады. Кешеннің ерекшелігі сол, шикізат өндіру мен өңдеуден бастап минералды тыңайтқыштар өндірісіне дейінгі әлемдегі алғашқы толық циклді кәсіпорын болмақ.
Минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіптік өнімдер шығаратын химиялық кешенінің алдында тұрмыз. Зауыт 2023 жылы салына бастады, қазір құрылыстың 32%-і бітіп тұр. Мұнда құны 1 млрд доллардан асатын инвестиция құйылып жатыр. Бұл — «Еврохим» компаниясының өз қаражаты. Қазірдің өзінде зауыт салу үшін 700-ден аса жұмысшы жұмыс істеп жүр. Ертең зауыт соғылып біткенде тағы 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Басшылық ол жұмысшылардың 80%-і Қазақстан азаматтары болады дейді.
Бұл жерде күкірт қышқылы, кальций фосфаты (мал, құс шарушалығында қолданылады), калий сульфаты, 90%-тен аса таза болатын синтетикалық гипс (құрылыс материалы ретінде қолданылады) және хлор кальциі (бұрғылау өндірісінде және көктайғақ кезінде мұз ертіу үшін қолданылады) өндірілмек. Жалпы, минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіптік өнімдер шығаратын химиялық кешен 2027 жылы іске қосылады.
SAP күкірт қышқылы – химия өнеркәсібіндегі ең маңызды өнімдердің бірі. Бұл минералды тыңайтқыштар, мұнай өнімдері және тау-кен байыту салаларында қолданылады. «ЕвроХим» кешенінде күкірт қышқылы калий сульфатын (SOP) өндіруге шикізат ретінде пайдаланылады. Өндіріс кәсіпорынның ішкі қажеттіктерін қанағаттандырып қана қоймай, республика нарығын да қамтамасыз етеді.
Компания басшылығынан қызметкерлердің жағдайын да сұрадық. Жоғарыда айтқанымыздай, қазір тау-кен кешенінде 650-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Компания қызметкерлеріне жыл сайынғы индекстелген бәсекеге қабілетті жалақымен бірге, сыйақы беру жүйесін енгізген. Оған ауысым арасындағы жарыстар, «Идеялар фабрикасы», кәсіби шеберлік байқаулары және басқа да іс-шаралар кіреді. Қызметкерлерге тегін тамақ, санаториде демалыс, фитнес-орталық қызметтері және компания есебінен медициналық көмек беріледі. Қызметкерлердің балалары да жазғы лагерьде демалады.
Әрбір қызметкер компания есебінен білігін арттыра алады. Олар негізгі дағдылар бойынша ғана емес, басқа да бөлімдерде жұмыс істеуге болатын жаңа мамандық оқиды. Мысалы, Абылай Богуспаев деген қызметкеріміз компанияға электрик болып келіп, қажет дағдыны үйреніп, өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау маманы болды. Ал 1,5 жыл бұрын HSE басшысы лауазымына көтерілді. Компанияда мұндай мысалдар аз емес, — деді Игорь Георгиади.
Компания болашақта кешенге қажет мамандарды даярлауға баса мән береді. Мысалы, Жаңатас қаласындағы мектепте химия класын жабдықтап, Жаңатас колледжіне 300-ден астам зертханалық құрал берген.
«ЕвроХим» ОРМПУ студенттеріне шәкіртақы тағайындап, кейін оларды жұмысқа алады. Мысалы, «ЕвроХимнің» бұрынғы стипендиаты қазіргі уақытта логистика бөлімінің жетекші маманы болып істейді. Биыл ол Жаңатастан Алматыдағы кеңсеге ауысты, — дейді бас директор.
Жегілікті халыққа кәсіпорынның қандай пайдасы тиіп жатыр?
Кәсіпорын өңір тұрғындарының өміріне айтарлықтай ықпал етіп отыр. 2012 жылдан бері Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымына 27 миллион доллар бөлген.
Жаңатас қаласында «ЕвроХим» қаржысына бес тұрғын үй, үш мектеп, Орталық аурухана мен Мәдениет үйі жөнделіп, қалпына келтірілген. Екі автокөлік көпірі, кәріз желілері мен тазарту құрылыстары жаңғыртылған.
«ЕвроХим» жыл сайын Сарысу ауданының тұрғындарына қарлы боран мен су тасқынының зардабын жоюға көмектеседі. Ауылдарға қар аршу үшін арнайы техника мен машинистерді жібереді.