Қазақстанда мұғалімдерге класс жетекшілігі үшін төленетін үстемақыны біртіндеп 30%-ке ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеп отыр.
Бұл шара 220 мың педагогты қолдауға бағытталған.
Балалардың деструктивті мінез-құлығының алдын алу бойынша тікелей ата-аналармен және оқушылармен жұмыс істейтін 220 мың сынып жетекшісінің қызметін жүйеге келтіру үшін олардың қызметі туралы ережелер мен біліктілік сипаттамалары қайта қаралып жатыр. Олардың мәртебесін көтеру үшін бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, класс жетекшілігі үшін төленетін үстемақыны кезең-кезеңмен 30%-ке ұлғайту мәселесі талқыланып жатыр, — делінген жауапта.
Олжас Бектеновтің ақпараты бойынша, биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 10 мың бала мектепішілік есепте тұр. Оларға әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіліп жатыр.
Үкімет басшысы «111» байланыс орталығы буллиң, суицид және зорлық-зомбылыққа жол бермеудің маңызды тетігіне айналғанын атап өтті. Мәселен, 2023 жылғы қыркүйек пен 2024 жылғы қыркүйек аралығында осы орталыққа хабарласқан 18 783 әйел мен балаға көмек көрсетілген.