Оралда БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Beeline Қазақстан компаниясының бас директоры Евгением Настрадинмен кездесу өткізді.
Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Кездесу барысында өңірдің телекоммуникациялық инфрақұрылымын дамытудың негізгі мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Әсіресе, шағын елді мекендер мен қалаларды сапалы байланыспен және интернетпен қамтуға баса назар аударылды.
Beeline компаниясы өткен жылы облыс көлемінде 25 жаңа базалық станса салып, қолданыстағыларын жетілдірген болса, биыл тағы ондаған стансаны іске қосқан. Жалпы, өңірде қазір 280-нен аса станса үздіксіз жұмыс істеп тұр. 2024 жылдың аяғына дейін компания Ақжайық, Тасқала, Шыңғырлау, Бәйтерек аудандарының бірқатар елді мекендерін сапалы байланыспен және интернетпен қамтамасыз етеді деп күтілуде. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен қойылған 11 антенналық бағаға базалық стансалар орнатылды.
Біз Beeline Қазақстан компаниясымен өзара тиімді әріптестікке байланысқа разымыз. Осы арқылы өңір тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы орта қалыптасады және барлық салада дамуға даңғыл жол ашылады, — деді Бақытжан Нарымбетов кездесуде.
Байланыс операторының үлкен бір жетістігі – облыстағы орманды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік беретін Orman-AI бейнебақылау жүйесін енгізу. Биыл осындай жүйе алты орман шаруашылығында орнатылып, ол өз кезегінде орман өрттерін уақытында тауып, өшіруге үлкен септігін тигізіп жатыр. Сонымен қатар көктемгі алапат су тасқыны кезінде бейнекамералардың көмегімен Жайықтағы су деңгейін тұрақты бақылап отыруға қол жеткізілгенін де айтуымыз керек.