Су тасқынан зардап шеккендер назардан тыс қалмайды

Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеп, жағдай тұрақталып келеді. Баспанасын тастап, бас сауғалап кеткен тұрғындардың 90 пайызы өз үйлеріне оралды. Шығын көлемін комиссия мүшелері толықтай есептеп жатыр. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен  селекторлық жиында мәлім болды.

Жылы мезгілдің келгені біреу үшін қуаныш болса, өңірдегі кейбір аумақтар үшін алаңдаулы шақ. Сондықтан да ағын судан абдырап қалған жұрттың қазіргі жағдайын біз айтпасақ та белгілі. Тасқын судың салдарынан облыстың 12 ауданына қарасты 35 елдімекенді сел алып, 39 жолды су шайып кетті. Салдарынан бір мыңға жуық тұрғын-үй зардап шекті. Билік өкілдері селден сенделген жұрттың ешқайсысы да назардан тыс қалмайтынын айтты. Арнайы құрылған комиссия мүшелері келген шығынды толықтай есептейтін болады. Апатты деп танылған үйлер қайта салынады. Тіпті құжаттарын алып үлгермеген тұрғындарға да Әділет департаментінің көмегімен, жеңілдетілген түрде реттеуіне мүмкіндік беріледі. Бүгінде гумантиралық көмек жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

МӘЛІК МЫРЗАЛИН — АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Су тасқыны кезінде барлығы облыс бойынша 2788 адам өзге орындарға көшірілді. Қазіргі уақытта олардың 2685-і өз үйлеріне оралды. Су басқан 980 үйдің 942 баспанадан су сорылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады.

Жиын барысында су тасқыны орын алған 5 ауданның әкімі тікелей байланысқа шығып, қазіргі уақыттағы жағдайды баяндап берді. Бүгінде Сандықтаудағы жағдай түзелді. Су деңгейі басылған. Атбасардағы ахуал да тұрақталып келеді. Әзірге, Целиноград, Жарқайың Есіл аудандарында апатты жағдай сақталуда. Төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмысы жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, тасқынның зардабы ауыз суға да тиіп отырғаны белгілі. Сондықтан да облыс әкімі құзырлы орган өкілдеріне суды дезинфекциялау жұмыстарын да назардан тыс қалдырмау керектігін міндеттеді.

МӘЛІК МЫРЗАЛИН — АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Мына мәселелерге назар аударыңыздар дегім келеді. Шығын көлемін есептеу жұмыстары өте жауапты шара. Сондықтан, халықпен тығыз жұмыс жасаңыздар. Әр үйге кіріп, тұрғындармен тікелей тілдесіп, мән-жайды толыққанды нақтылаңыздар. Бағалау комиссиясының құрамына қоғамдық ұйым, партия өкілдерін енгізу қажет. Екіншіден, эпидемиологиялық жағдайды қатты қадағалау керек. Бозайғырда судан улану жағдайы орын алған. Сондықтан ауданы әкімдер бұл жағдайды қатаң бақылауда ұстаңыздар.

Жиында талқыланған тағы бір маңызды тақырып — көктемгі егіс жұмыстары. Биыл облыстың 4,7 млн гектар жеріне дән сіңірілмек. Оның 4,3 млн гектарына дәнді-дақылдар себілсе, 142 мыңына мал азығы, 241 мыңына майлы дақылдар, 18 мың гектарға картоп өнімдері 4 жарым мың гектарына көкөністер егіледі. Қазіргі уақытта техника дайын, дизель отыны жеткілікті мөлшерде. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Егор Каппельдің айтуынша, қазіргі уақытта аудандарға облыс әкімінің тапсырмасы бойынша біріншіден кепілдендірілген дизель отыны жеткізілді. Барлығы 65 мың тоннаға жуық. Оның 55 мың тоннасы Павлодардан, 10 мыңы Атыраудан алынған. Өткен жылдың алғашқы жартыжылдығынан бастап қолға алынған субсидиялау мәселесіне байланысты бүгінде облысқа 4 млрд теңге бөлінген.

Бүгінде 522 мың тонна тұқым қоры дайын тұр. Диқан қауымы мамырдың басында көктемгі егіс жұмыстарына кіріседі деген жоспар бар. Шамамен 20 күнде дән сіңіру жұмыстары аяқталмақ.