Басты бетЖаңалықтарБиыл Қазақстанда...

Биыл Қазақстанда өрт салдарынан 213 адам қаза болды

Өрт оқиғалары еліміздің үш ірі қаласы мен екі облысында көбейді. Бұл туралы ҚР төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев мәлімдеп отыр.

Жыл сайын елімізде орта есеппен 10 мыңнан астам өрт дерегі тіркеледі. Тілсіз жау көп жағдайда жеке тұрғын үй секторын шарпып жатады. Бірінші қазаннан бастап жылу беру кезеңі басталды. Тұрғын үй секторында 100-ден астам өрт тіркеліп, 17 адам қаза болды, оның ішінде алты бала бар. Осы мерзімде өрт салдарынан 13 адам жараланды, — деді Қанат Доспаев орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жыл басынан бері 8 мың өрт тіркеліп, 213 адам қаза болған, 213 адам жараланған.

Өрт оқиғаларының көбеюі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы мен Маңғыстау облыстарында байқалды. Қаза болғандардың көпшілігі Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Атырау және Қостанай облыстарында тіркелді. Бұл ретте, 64 адам мас күйінде болған. Жеке тұрғын үй қорының өртке қарсы жағдайын бақылау қолданыстағы мемлекеттік заңнамамен қарастырылмағанын (өтініштер мен шағымдарды есептемегенде) атап өткім келеді. Біз тек тұрғындарға қауіпсіздік жағдайын түсіндіреміз. Оның барысында үйлерді аралаймыз және тұрғындардың келісімімен үйлер тексеріледі. Бұл ретте тұрғындарға нұсқаулықтар беріледі. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу анықталған кезде әкімшілік шаралары қолданылмайды, — деді Қанат Доспаев.

Оның сөзіне қарағанда, халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударылады. Әкімдіктермен бірлесіп осы санаттағы адамдарға тиесілі 101 мың тұрғын үй есепке қойылды. Қазір олардың 98% профилактикалық жұмыспен қамтылды, 278 мың адамға тиісті нұсқау берілді.