Алматыдағы ірі көшенің бірі — Сәтбаев көшесі екі күнге жабылады. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ауылшаруашылығы жәрмеңкесін өткізуге байланысты Уәлиханов көшесінен Достық даңғылына дейінгі учаскедегі Сәтбаев көшесінің бір бөлігі 11 қазан сағат 20:00-ден 13 қазан сағат 20:00-ге дейін жабылады.
Бұдан басқа, №45, №95 және 121 автобустардың бағытына өзгерістер енгізіледі. Жабылатын учаскені айналып өту Абай даңғылы бойынша жүргізілетін болады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, 12-13 қазан күндері сағат 8.00-ден 17.00-ге дейін кеңейтілген ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Оған Алматы мен Абай облыстарының фермерлері қатысады.
Жәрмеңкеде 50-тан астам өнім – ет-сүт, жеміс-көкөніс, шұжық өнімдері, өсімдік және жануар майлары және т.б. ұсынылады. Өнімнің жалпы көлемі – 300 тонна. Оның ішінде ет өнімдері – 100 тонна, жеміс, көкөніс өнімдері – 100 тонна, сүт өнімдері – 30 тонна, балық өнімдері – 10 тонна, басқалары – 60 тонна, — делінген хабарламада.
Жәрмеңке өтетін орын – Сәтбаев көшесінің бойымен Уалиханов көшесі мен Достық даңғылы аралығында.