Дәретханадан табылған нәрестені жақындары жатқа бергісі жоқ

Бибігүл Мәжіғұлова қартайғанда туған қызының қылығы үшін қымсынғанына қынжылады. Бұған дейін немере сүйген әйел екінші мәрте әже болатынын білмепті. Онсызда сұмдық оқиғаны естігелі есім кіресілі-шығасылының күйін кештім деген ол, жиеніне таласқан жұрттың әрекеті жаныма батты дейді.

Өз баласын өлім аузына тастаған келіншек Тараздағы дәмханалардың бірінде даяшы болған. Бар тапқанын ауылдағы анасы мен екі жастағы қызының ас ауқатына жұмсаған. Бұған дейін тұрмыс құрған оның ажырасқаны мәлім. Анасының айтуынша бұл жолы отбасылы еркектен жүкті болып қалған. Әкесі баладан бас тартпайтынын айтыпты. Босанбас бұрын аяғы ауыр келіншек өз — өзіне қол жұмсамақ ниетінде дәрі ішіп, ауыр халде ауруханаға түскен екен. Дәрігерге тіркелгені арқылы тәртіп сақшылары дереу тауып алды. Енді ол аналық құқығынан айрылуы немесе 4 жылға сотталуы мүмкін.

Нәжіс арасында қалған Жансаяны мына отбасы ажал аузынан арашалап қалды. Отбасы қонаққа бара жатып, жолау дәретханаға тоқтаған. Шұңқырда шырылдаған дауысты алдымен келіні естіп, дереу тәртіп сақшыларына хабар берген.

Гүлайым Көбәділова, Тараз қаласының тұрғыны:
— Қарасақ, туалеттің ішінде бұрышына қарай, жатыр екен кішкентай әлди. Оң жаңбасымен беті бері қараған. Қол -аяғы қимылдап жатыр. Сол дауысты естіп көрдік, сосын жолдасым хабар берді дереу.

Өз баласын өзектен тепкен ана ауылдан 60 шақырым жердегі дәретханада тастап кеткен. Бұл жерге қалай және кіммен келгені беймәлім. Абырой болғанда туыла салысымен шамамен жарты сағаттан соң Көбәділов отбасы мінген көлік тоқтап, тірі қалуына себепкер болды. Әзірге бөбектер үйіндегі Жансаяны кім бауырына басатыны белгісіз.

Нұрадин Рақай, Ғани Айдарқұлов.

Дереккөз31.kz