Алматыда 43 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр

Алматыда жыл басынан бері 2 726 кезекте тұрған азамат коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл туралы қаланың коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы хабарлап отыр.

Қазір қалада 43 448 адам үйге кезекте тұр. Көпбалалы аналардан 7 546 адам, жетім балалардан — 2 330, әлеуметтік осал топтардан — 18 468, бюджеттік ұйым қызметкерлерінен 15 104 адам бар, — деп хабарлады басқармадан.

Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері 2 726 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Атап айтар болсақ, 1 080 — кезекте тұрғандарға арналған коммуналдық тұрғын үй қорынан жалдамалы тұрғын үй, 1 348 — жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй, 226 — 2% және 5% жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы тұрғын үй алғандар, 72 — «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша. Сонымен қатар 169,3 миллион теңгеге 148 тұрғын үй сертификаты берілді, — делінген хабарламада.