Басты бетҚазақстанда жиырма...

Қазақстанда жиырма бір бап бойынша азаматтықтан айыру жазасы қолданылады

Бүгін Үкімет «Кейбір заңнамалық актілерді Конституцияға сәйкестендіру туралы» заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасын Үкімет отырысы барысында Әділет министрі Марат Бекетаев таныстырды. Оның айтуынша, жеті кодекс пен қырық алты заңға Конституцияға сәйкес келтіру үшін өзгерістер енгізу қажет. Ал Қылмыстық кодекстің жиырма бір бабында азаматтықтан айыру түріндегі қосымша қылмыстық жаза көзделеді. Бұл жаза терроризм актісі, террористік топ құрған, оған басшылық еткен және оның әрекетіне қатысқан адамдарға қолданылмақ.

ҚР негізгі ұлттық және өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян тигізетін қылмыстарға он бір бапта көзделген он алты қылмыс құрамдары кірді. Мысалы, геноцид, сепаратистік әрекет, экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның әрекетіне қатысу. Азаматтықтан айыру соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негізінде уәкілетті органдарда тіркеуге жатады.

Сонымен қатар заң жобасында өзге әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдерін тағайындау және босату тәртібі енді заңмен анықталғандықтан, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңына өзгерістер енгізілген.

Заң жобасында Президент Әкімшілігінің прокуратура жүйесі мен сот қызметіне қатысты түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстары да кіріп отыр.

Бірінші топтағы өзгертулер Президенттің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін жаңа редакциядағы «Прокуратура туралы» заң жобасымен байланысты.

Екінші топтағы өзгертулер кассациялық сатымен қарастырылатын істердің нысанымен және судьяға кандидаттарға қойылатын талаптармен байланысты.

ДереккөзInform.kz