Астанада Aulafit спорттық әлеуметтік жобасының жазғы маусымы мәресіне жетті. «Сармат-1» тұрғын үй кешенінің ауласында жобаның жабылу рәсімі өткізіліп, тұрғындар мен балалар арасында жарыстар ұйымдастырылды.
Елорда тұрғындары арасында спортты насихаттау мен салауатты өмір салтын ұстануға шақырған әлеуметтік жобаның маңызы зор. Кез келген адам арнайы спорт залдарға бармай-ақ өз аулаларында физикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік туындады. Ең бастысы, бұқаралық спорт түрлерін дамыту жоспары жүзеге асты. Жоба идеясын ұсынған Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев қатысушыларды арнайы құттықтады.
«Астана қаласы әкімдігіне жобаны қолдағаны үшін алғысымды білдіремін. Спорттық әлеуметтік жобаның кезекті маусымын сәтті аяқтадық. Биыл 30 ауланы қамтып, 3 мыңға жуық тұрғын белсенді түрде қатысты. Келесі жылы бұдан да ауқымдыдеңгейде өтеді деп үміттенемін. Баршаңызға алғысымды білдіремін. Спортты серік етіп, салауатты өмір салтын жалғастыра берейік», — деді спортшы Серік Сәпиев.
Күн сайын жаттықтырушы аулаға кіріп, кесте іліп қояды, таңертең ата-аналар мен қарттарға, түстен кейін балаларға, кешке қарай жастарға арналған жаттығулар жасайды. Бұған дейін Серік Сәпиев аталмыш жобаны тегін өткізу қаншалықты қажет екенін айтқан болатын.
«Біздің спорттық инфрақұрылымымыздың қолжетімділігін және фитнес-сауықтыру орталықтарының қолжетімділігін сараптап көрдім. Елімізде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен фитнес-сауықтыру орталықтарының ақылы екені белгілі, бірақ бұл жобада мемлекеттік бюджеттің көмегімен біз өз аулаларымызда спортпен кәсіби түрде шұғылдануға мүмкіндік жасаймыз», — деді Серік Сәпиев.
Астана қалалық спорт басқармасы спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамовтың айтуынша, әлеуметтік жоба қала тұрғындарына оң әсер еткен.
«Тәжірибелі жаттықтырушылар аптасына үш реттен жаттығу сабақтарын өткізді. Жоба қатысушыларына ешқандай шектеу қойылмады. Зейнеткерлер де, балалар мен жасөспірімдер футбол, баскетбол, волейбол, дене жаттығуымен белсенді түрде айналысты. «Aulafit» әлеуметтік жобасын іске асыру барысында қала тұрғындары «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясына белсене қатысты. Олар әр жаттығудан кейін өз аулаларын жинады», — дейді Азамат Ағзамов.
Aulafit жобасы пандемия уақытында халықтың денсаулығы мен өмір сүру салтын өзгерту үшін жүзеге асқаны белгілі. Жоба жетекшісі Айтжан Мусиннің айтуынша, бүгінде қаладағы 30 аулада жаттығу сабақтары тұрақты түрде өткізіледі.
«Бұл жоба 2020 жылы олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің бастамасымен басталған болатын. Коронавирус уақытында жаттықтырушылар мен бапкерлер жалақысыз қалып, спорт залдары жабылған уақытта қала әкімдігіне осындай жоба ұсынған едік. Алғашында 4 аула жұмыс істесе, кейін жылдан-жылға аулалардың саны артып, 6 аула, 10 аулаға дейін көбейді. Биыл елордадағы 30 аулада осындай жаттығулар ұйымдастырылды. Болашақта аулалардың санын арттырамыз деген жоспарымыз бар. Ең алғашқы уақытта жобаға 100-200 адам қатысқан болса, қазіргі таңда жобаға 3 мыңнан аса адам қатысып жатыр», — дейді Айтжан Мусин.
Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы, оның ішінде бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы жобаны қаржыландырып жатыр.
Бұқаралық спорттың дамуына серпін беретін жобаға қатысуға ниет білдіргендердің қарасы қалың. Сағат 9-дан 11-ге дейін, кешкі сағат 17:00-ден 20:00 аралығында аптасына үш реттен тегін сабақтар өткізіледі.
Іс-шара соңында ата-аналар мен балалар олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтен қолтаңба алып, естелік суреттерге түсті.