Еріктілер аталмыш шараны осымен бесінші жыл қатарынан өткізіп отыр.
«9 мамырға орай біздің еріктілер дәстүрлі түрде қарттар үшін азық-түлік, дәрі-дәрмектер жинап жатыр. Оларды батырларымызға, жалғызбасты қарттарға жеткізіп береміз. Негізінен жарна, тұз, ұн, шәй, макарон өнімдері, өсімдік майы, тәттілер мен консервілер қажет. Сонымен қатар ардагерлерге гүл алуға қаржы жинап жатырмыз», — деді «Almaty SOS» қайырымдылық қорының еріктісі Әнел Әмірбекова.
Еріктілер алдымен зейнеткерлерге хабарласып, келісімдерін алады. Оларға қарттардың тізімін қалалық ардагерлер кеңесі ұсынған.
2016 жылы қайырымдылық қоры жүзден астам ардагерге қол ұшын беріпті. Ал биылғы жылы мыңға жуық адамды қамтуды жоспарлап отыр. Дегенмен әзірге жиналған көмек көп емес. Бүгінгі таңда небәрі 16-17 пакет азық-түлік жиналған.
Атап өтерлігі азық-түлік топтамалары 7-8 мамырға дейін қабылданады. Толығырақ ақпаратты Instagram әлеуметтік желісіндегі еріктілердің ресми парақшасынан білуге болады.