Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетіп қалды. Дүбірлі додада спортшылардан бөлек астаналық ата-әжелер да ерекше назарға ілікті.
Астана қаласы әкімдігі жанынан ашылған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаз ата-әжелері жасаған бұйымдар шетелдіктерді таңғалдырды.
Елордадағы «Қазанат» ипподромында ашылған ең үлкен этноауылда қонақтар мен келушілердің қарасы қалың. Көшпенділер ойындарына әлем елдерінен келген шетелдіктердің қазақтың салт-дәстүрі мен киім-кешегі және ұлттық әшекей бұйымдарына деген қошеметі жоғары екені бірден байқалады.
Этноауылда астаналық 100 зейнеткер «Ұлы дала дүбірі» V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру аясында концерттік бағдарлама ұсынды.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Асыл мұра» домбырашылар ансамблі, сәнқой әжелерден құралған «Kerbez_models» тобы, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары «Қыздар-ай» хореографиялық ансамблі мен «Кел, шырқайық!» теле жобасының бас жүлдегерлері «Әдемі» вокалдық ансамблі өнер көрсетті. Олар «Балбырауын» мен «Әсем қоңыр» күйлерін, «Әгугай» әні мен «Әсемдік» биін көрермен назарына ұсынды.
Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бөлім басшысы Меруерт Қайыртасқызы көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға және өте жоғары деңгейде өткізуге ат салысқан зейнеткерлер туралы айтып берді.
Нұра ауданының «Қыздар-ай» хореографиялық ансамблі жақында Қырғызстандағы байқауда бас жүлде алып келген. Ансамбль «Қара жорға» биін биледі. 50-ге жуық спортшы ата-әже жиналғандарға «Айкүне» гимнастикасын көрсетті. Қазақ гимнастикасының шығу тарихы жайында мағлұмат беретін әр жаттығудың таңбасы экранда көрсетіліп тұрды. Одан өзге скандинавиялық жүрістің қыр-сырын таныстырды, — дейді ол.
Елордалық ісмер әжелердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары бірден сатылып кеткен.
«Күміс еріктілер» клубына 20-ға жуық зейнеткеріміз ерікті ретінде қосылды. Олао 36 нысанның аумағында қала қонақтарын қарсы алу, ойынның бағдарламасы мен нысандардың орналасуы бойынша көмек көрсетіп жүр. Орталықтың қолөнерші әжелері 7-13 қыркүйек аралығында Этноауылда өтіп жатқан көрмеге өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын қойды. «80+» деген әжелер тобының жасаған бұйымдары бірінші күннен-ақ сатылып кетті. Атап айтқанда көрмеде шебер әжелер кимешектер, орамалдар мен шапандар, тақиялар, кілемшелер, көрпешелер, сөмкелер, алқалар, ұлттық қуыршақтар, асық, торсық, тұмарлар сияқты кәдесыйлар мен тағы басқа ұлттық бұйым түрлерін ұсынды.Бірде бір кимешек қалмады. Шетелдіктердің сұранысы өте жоғары болды, — дейді Меруерт Қайыртасқызы.
Бүгінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында 13 мыңға астам зейнеткер қызмет алады, ең үлкені — 92 жаста. Жыл басынан бері орталыққа 2 657 зейнеткер тіркелген. Әрқайсысы үш үйірмеге жазылып, үш ай көлемінде тегін қызмет ала алады.
Бүгінгі таңда Астана қаласының 14 мыңға жуық ата-әжелерге орталық тарапынан тегін қызмет көрсетіледі. 21-ден астам қызмет түрін көрсетеміз. Зейнеткерлердің қызығушылығына қарай 20 клуб белсенді түрде жұмыс істейді, — дейді Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бөлім басшысы Меруерт Қайыртасқызы.
Айта кетейік, елорда тұрғындары, қонақтар мен ойын қатысушылары үшін барлық этноауылдарға кіру тегін.