Алматыда автокөліктен бөлінетін қалдықтарды бақылайтын спектрометрлер іске қосылды. Бұл туралы қалалық прокуратура хабарлады.
Спектрометрлерді мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының және Қоршаған орта басқармасының бастамасымен «Sergek Group» компаниясы орнатты.
Спектрометр — бұл дизель автокөліктерінен шығатын түтінді бағалай алатын көлік құралдарының пайдаланылған газдарындағы заттарды (көмірқышқыл газы, көміртек оксиді, азот оксиді, көмірсутектер және аммиак) өлшеу және талдау аспабы.
Аспаптар жолдың қарама-қарсы жағында тар учаскелерде орнатылады және жарық сәулелерінің көмегімен көлік құралын тоқтатпай-ақ нақты уақыт режимінде өтіп бара жатқан автокөліктердің пайдаланылған газдары туралы деректерді жинайды, — деп жазылған хабарламада.
EDAR (Emissions Detection and Reporting) және OPUS сияқты ұқсас технологиялар Париж, Лондон, Берлин, Мадрид, Венеция, Франкфурт және Брюссельде сәтті жұмыс істеп жатыр.
Жобаның мақсаты – Алматы автопаркінің пайдаланылған газдарының орташа мәнін анықтау және қалалық автокөліктердің экологиялық стандарттарды сақтауын бағалау.
Бастама, қаланың экологиясын жақсарту жөніндегі іс-шаралардың бір бөлігі саналады.