Jolda`u – шағын қалалардағы өмірді көрсететін YouTube-жоба. Бұл жобада өңірлердегі тіршілік көрсетіліп, тұрғындардың түрлі оқиғасы баяндалады.
Baribar.kz тілшісі Jolda`u жобасының негізін қалаушылармен сөйлесіп, шағын қалалардағы өмір мен аймақтардың проблемасын біліп қайтты.

«Бұл жоба өзіме үңілу үшін қажет болды»

Jolda`u жобасының идея авторы – Наталья Шерстюк. Ол осы жоба арқылы Қазақстанның шағын қалалары мен аймақтарындағы адамдардың тіршілігін көрсеткісі келген.

Бұл жоба өзіме үңілу үшін қажет болды. Қазақстанды шынайы қалпында көрсеткім келді. Біздің туристік жерлерімізде қызмет жақсы көрсетілмеуі мүмкін, бірақ онда сондай тамаша адамдар тұрады. Адамдарды көрсеткім келді, адамдармен сөйлескім келді. Олар, шын мәнінде, қалай өмір сүретінін білгім келді. Шағын қалаларда өз ісімен айналысатын бақытты адамдарды көп көруге болады. Олар үшін үлкен қалада өмір сүру шарт емес. Осылай, осы жобаны бастадық. Біз шағын қалалардағы адамдармен сөйлесіп, олардың оқиғасын айтамыз. Ресми сұхбат құрмаймыз, тек әңгімелесеміз. Сөйтіп, Қазақстандағы шынайы өмір туралы фильм түсіреміз, – дейді Наталья Шерстюк.

Наталья Шерстюк.
Наталья Шерстюк. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Наталья Шерстюк кейін жобаға Әсем Түсіпбаеваны шақырған. Әсем Түсіпбаева – жобаның редакторы және со-продюсері. Ол аймақтағы адамдардың өмірі тасада қалып қойып жатқанына тоқталды.

Біз — негізі доспыз. Жобаға Натальяның өзі шақырды. Жобаның негізгі ерекшелігі – біз автосаяхат жасаймыз. Наталья рульге отырады, мен журналист боламын. Бізбен бірге операторлар жүреді. Бірақ операторлар аймақтарда тұрады. Біз аймақтағы журналистермен, операторлармен, видеографтармен жұмыс істейміз. Негізгі мақсатымыз – аймақтарға барып бірегей контент жасау. Мысалы, саяхаттайтын блогерлер әдемі жерлерді ғана көрсетеді. Негізгі арналар өңірлердегі ресми жаңалықты айтады. Ал қарапайым адамдар қалай өмір сүріп жатқанын кім айтып жатыр? Бұл туралы ақпарат аз. Сол үшін аймақтағы адамдардың өмірін көрсеткіміз келді, – дейді Әсем Түсіпбаева.

Әсем Түсіпбаева.
Әсем Түсіпбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Бұл – қарапайым адамдардың баршаға жолдауы»

Басында жобаның атауы Jolda болып, кейін Jolda`u болып өзгерген. Әсем Түсіпбаеваның сөзіне қарағанда, жоба атауының өзгеруіне бірнеше фактор әсер еткен.

Әуелі жобаның атауы Jolda болды. Басты себеп – жоба жасап жатқанда жолда жүреміз. Бірақ Jolda деген басқа жоба бар екен. Сол жобадан «Неге біздің атауымызды алдыңыздар?» деген шағым түсті. Сондықтан біраз ойланып, Jolda`u деп ауыстырдық. Бұл атаудың екі мағынасы бар. Біріншіден, «жолдау» деген сөз «хабарлама», «месседж» деген мағына береді. Демек, бұл жоба — қарапайым адамдардың баршаға жолдауы. Екіншіден, Jolda`u деген сөз Jolda you деген сөзге де келеді. Осылай, «Жолда сен» деген де мағына пайда болды, – дейді ол.

«Солтүстік Қазақстанда Ресейге кету тенденциясы басым»

Наталья мен Әсем Jolda`u жобасы аясында Қазақстанның біршама өңіріне барған. Олардың айтуынша, әр өңірдің өз ерекшелігі мен өз проблемасы бар.

Қазақстанның бірнеше қаласына бардық. Осы жолы барғанда көп  нәрсе өзгергенін байқадым. Кей нәрсе таңғалдырды. Мысалы, Түркістан облысындағы адамдар өте еңбекқор, аса белсенді, энергиясы толы екен. Бұл жақтағы ауылдарда балалар көп, үйлер әдемі. Оңтүстік Қазақстанда жол сапасы да басқа өңірлерге қарағанда жақсырақ болды. Бұл өңірде барлығы қазақша сөйлейді, бірақ орысша да жақсы біледі екен. Ал Шығыс Қазақстанда көп адам қазақша сөйлейді, орысша түсінсе де қазақша жауап береді. Бұл да бізді таңғалдырды.  Шығыс Қазақстанның ірі қалаларына да жол түсті. Ол жақта бізді бизнестің жүйесі таңғалдырды. Бұл аймақта жергілікті халық арасында ғана танымал бизнестер бар екен. Ол бизнестер өзге өңірлерге шығуды да көздемейді. Шығыс Қазақстандағы адамдар өзге аймақтағы адамдарға қарағанда үлкен қалаға онша ұмтылмайтынын байқадық. Ал Солтүстік Қазақстанда Ресейге кету тенденциясы басым. Біз мектептегі балалардан болашақ мақсаты туралы сұрағанда Ресейге кеткісі келетінін айтты. Солтүстікте тіл мәселесі де бар. Олар қазақ тіліндегі контентті көп оқымайтын сияқты, – дейді Наталья Шерстюк.

Наталья Шерстюк, Әсем Түсіпбаева.
Наталья Шерстюк, Әсем Түсіпбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жобаның редакторы және со-продюсері Әсем Түсіпбаева Қазақстанды аралау кезінде өздері үшін көп жаңалық ашқанын айтты.

Біз Оңтүстік Қазақстанның, Солтүстік Қазақстанның және Шығыс Қазақстанның шағын қалалары мен ауылдарында болдық.  Оңтүстік Қазақстанда Жамбыл облысындағы Көгершін ауылына бардық. Қазақстанның ең көне қорығы Ақсу-Жабағылыны көріп, киелі деп саналатын Үкаша ата құдығы мен Ғайып ерен қырық шілтен деген жерлерге де соқтық. Түркістанды араладық. Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапарымызда өзіміз үшін көп жаңалық аштық. Мысалы, Көгершін ауылы бүкіл әлемге танымал болған Абсент есімді тұлпардың туған жері екен. Абсент 1960, 1964, 1968 жылдары Рим, Токио және Мехико қалаларында өткізілген Олимпиада ойындарында жүлдегер болған тұлпар.  Бұл тұлпарды бүкіл әлем біледі, біз білмейді екенбіз. Түркістанға барғанда қаланың өзгеріп, туристік орталыққа айналғанын көрдік. Түркістанда 1580-1590 жылдары салынған шығыс моншасы 1975 жылға дейін жұмыс істеген екен. 400 жылдай қызмет еткен монша бізді таңғалдырды. Киелі жерден қайтып бара жатқанда отар қойларды көруге тоқтадық. Осы кезде қойшымен және қойшының отбасымен таныстық. Ол кісілер фильмге түскісі келмеді. Бірақ қалтамызды дәмді құртпен толтырды. Осылай, көңілі кең, қолы ашық адамдар ретінде біздің жадымызда қалды. Ақсу-Жабағылы қорығына барғыңыз келсе, қорық басшылығымен хабарласып, рұқсат алуды ұмытпаңыз. Себебі ол жаққа арнайы рұқсатпен ғана кіргізеді екен. Солтүстік Қазақстанға сапарымызда Петропавлға және Имантау, Сергеевка, Лобаново ауылдарына барып қайттық. Имантау – Бурабай сияқты демалатын әдемі жер екен. Лобаново ауылында шабандоз бойжеткен Асылмен танысып, оның осы өңірде қазақтың ұлттық ойындарын қалай дамытып жатқанын білдік. Ұлттық ойын біздер үшін үйреншікті нәрсе болса да, солтүстіктегілер үшін белгісіз, жаңа әлем. Шығыста Өскемен, Риддер және Семей қалаларында болдық. Жақында осы өңірлер туралы фильмдер шығады. Біз Семейде Алаш қайраткерлерінің  идеясын зерттесек, Өскеменде туризмнің қалай дамып жатқанын білдік. Риддер қаласы таңғалдырды. Табиғаты әдемі, адамдар бақытты көрінді, – дейді ол.

«Шағын қалалар мен ауылдағы адамдардың не ойлайтынын ешкім сұрамайды»

Әсем Түсіпбаеваның сөзіне қарағанда, бізде жаңалықтың басым бөлігі Астана мен Алматы туралы.

Бізде барлық жаңалық Астана мен Алматы туралы. Өмір осы қалаларда ғана болып жатқан сияқты. Телеарна мен сайттар аймақтардағы негатив жаңалықты ғана көрсетеді. Шағын қалалар мен ауылдағы адамдардың не ойлайтынын ешкім сұрамайды. Шын мәнінде, өзге аймақтарда тұратын адамдардың өмірінде де түрлі жаңалық бар. Осы себепке байланысты шағын қалалар мен ауылдарға барып контент түсіреміз. Аймақтағы адамдардың алаңы болғымыз келеді. Мысалы, адамдардан «Үлкен қалаға көшіп кеткіңіз келе ме?» деп сұраймыз. Көп адам «жоқ» деп жауап береді. Біз үшін бұл жаңалық болды. Біз бәрі Астана мен Алматыға ұмтылып жатыр деп ойлайтынбыз. Шын мәнінде олай емес екен. Мысалы, мен Семейге 25 жылдан бері барған жоқпын. Осы жолы барғанда анық байқағаным – қала халқы түгел дердік қазақша сөйлейді екен. 20 жыл бұрын олай болмайтын. Өзім жақсы тенденция деп қабылдадым, – дейді ол.

Наталья Шерстюк, Әсем Түсіпбаева.
Наталья Шерстюк, Әсем Түсіпбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Наталья мен Әсем қараша айында Батыс Қазақстанға баруды жоспарлап отыр.

Ең басында біздің ойымыз Қазақстанды көлікпен аралап, саяхаттау болды. Содан кейін тек аралап қоймай, түсіріп алайық деп шештік. Шалғай орналасқан қалалар мен ауылдардағы қазақстандықтардың өмірі қандай екенін көрсеткіміз келді. Бұл жобада танымал туристік жерлер емес, белгілі емес жерлер көрсетіледі. Қараша айында еліміздің батыс өңірлеріне барсақ па деп ойлап отырмыз. Атырау, Ақтау, Ақтөбе қалаларын аралағымыз келеді. Әзірге жоспар осындай, – дейді Әсем Түсіпбаева.

«Туризм инфраструктурасы дұрыс дамымаған»

Наталья мен Әсем Қазақстандағы туризм туралы да айтты. Натальяның айтуынша, Қазақстанда туризм инфраструктурасы дұрыс дамымаған.

Қазақстанның  туризм бағытында тамаша потенциалы бар. Сол потенциалды пайдаланып мұңайсыз-ақ күн көруге болады. Бізде туризм инфраструктурасы дұрыс дамымаған. Жол сапасы нашар, көп жерлерде тазалық сақталмайды. Мысалы,  Анд тауларында туристердің қауіпсіздігі үшін қауіпсіз баспалдақтар істелген. Ол жақта демалатын орындар да жетерлік. Қазақстанда да Анд таулары секілді адам аяғы баса алмайтын жерлер көп. Бірақ ол жақта байланыс, жол, демалатын орын жоқ. Бірақ біз енді дамып келе жатырмыз деп ойлаймын, – дейді ол.

Наталья Шерстюк.
Наталья Шерстюк. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әсем Түсіпбаеваның сөзіне қарағанда, адамдар болашақта Jolda`u жобасы арқылы Қазақстанның қандай болғанын көреді. Наталья мен Әсем осы үшін де шығарылымдарды шынайы қылып түсіргісі келеді. Бұл жобаны Наталья мен Әсем өз қаржыларына түсіреді. Ешқандай инвестор, грант немесе демеуші жоқ.