Басты бетЖаңалықтар500 мың оқушыға мемлекеттен 22,2 млрд теңгенің қолдауы көрсетілді

500 мың оқушыға мемлекеттен 22,2 млрд теңгенің қолдауы көрсетілді

Мемлекет әлеуметтік жағынан осал отбасылардағы 500 мыңнан астам балаға қолдау көрсетті. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі облыстық білім басқармасы хабарлады.

Биылғы жылы жалпыға бірдей білім беру қорынан ата-аналардың есепшоттарына 22,2 млрд теңгеден астам қаражат аударылды.

Қолдау атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардағы оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сонымен қатар төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардағы мектеп оқушыларына көрсетілді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, өтініш бергендердің 100%-і мемлекеттен қаржылай көмек алған.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі көмек көрсету механизмін, оның ішінде ата-аналардың есепшоттарына ақша аударуды жетілдіру бойынша шаралар қабылдаған болатын. Бұл шара ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен оқу құралдарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік берді, осылайша сапасыз тауарларды алуды болдырмайды. Биылғы жылы әрбір оқушыға орташа есеппен 45 мың теңге шамасында қаражат бөлінді, — деді балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина.

Сонымен қатар оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жыл сайын 30 қыркүйекке дейін жалғасатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізіледі. Бүгінгі күні акция аясында ондаған мың отбасы демеушілердің көмегіне ие болды.