Бүгін еліміз бойынша 70 жаңа мектеп ашылды. Оның бірқатары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Астана қаласындағы №103 мектептің ашылу салтанатына қатысты.
Ведомства басшысы оқушыларды 2024-2025 оқу жылының басталуымен құттықтады. Ол мемлекет тарапынан балаларды сапалы біліммен, саналы тәрбиемен қамту бағытында жасалып жатқан шараларды атап өтті.
1 қыркүйекте 90 мыңға жуық оқушы қолданысқа биылғы жылы берілген, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған су жаңа мектеп парталарына отырды. Ал 200 мыңнан астам бала күрделі жөндеуден өтіп, қайта жабдықталған мектептерде білім алады.
Бүгін ұстаздардың өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі орасан еңбегін атап өткім келеді. Ұлттың ағартушы ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұстаз — ұлт келбеті» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан ағартушылық миссиясын адал атқарып жүрген ұстаздардың еңбегі лайықты түрде жоғары бағалануы тиіс. Биылғы оқу жылы жоғары жетістіктер мен толағай табыстарға толы болсын!, — деді Ғани Бейсембаев өз құттықтауында.