Биыл суару маусымында Қырғызстан Қазақстанға 534 млн текше метрден астам су жіберді. Бұл туралы су ресрустары министрлігі хабарлады.
Суару кезеңінде Қырғызстан Қазақстанға Шу және Талас өзендері арқылы 534,3 млн текше метр су жіберді. Атап айтқанда, Талас өзені арқылы 394,3 млн текше метр су келді, бұл жоспарланған көлемнен 14,3 млн текше метрге артық.
Су дипломатиясы – министрліктің басым бағыттарының бірі. Біз барлық көршілерімізбен белсенді жұмыс жасап жатырмыз. Қырғызстанмен биыл Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының екі отырысы өтті. Суару маусымында біздің тарап Шу өзені арқылы 180 млн және Талас өзенімен 380 млн текше метр су алады деп келістік. Бүгінгі таңда үзіліссіз су келіп жатыр, ал Талас өзені арқылы келісілген кестеден артық су келді, – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Шу өзені арқылы бүгінде 140 млн текше метр су келді және Қазақстан мен Қырғызстанның су ведомстволары бекіткен кестеге сәйкес келіп жатыр.