Вокзалдағы ерекшеліктерге тоқталар болсақ, шудан қорғайтын құрылғымен қапталған теміржол эстакадасы қаланың көлік ағынына кедергі келтірмей, жолаушыларды жаңа теміржол вокзалына жеткізеді.
Жаңа вокзал тәулігіне 35 мың жолаушыны өткізе алады. Астанадағы қазіргі ескі вокзал арқылы күніне 12 мың жолаушы өтуі тиіс болса, онда іс жүзінде 18 мың жолаушыға дейін кіріп-шығады.
Вокзал ғимаратын жасаудағы соңғы тәсіл өзіндік ноу-хау болып табылады. «Вокзал-көпір жағалаудан біртіндеп көтеріліп, кеңістікті тиімді пайдалануды мақсат еткен.
Вокзалдың қаланың іскерлік орталығына жақын орналасуы да өте қолайлы. Ол арқылы қаладағы автокөліктің кептелісі азаяды.
Вокзал ғимаратының аумағы120 мың шаршы метр. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған такилдік жолдар, Брайл әліпбиімен ақпаратты табло, арнайы касса қызмет көрсетеді.
Негізгі күту залынан бөлек әлемдік талаптарға сай қонақүйлік бөлмелер, қолайлы сақтау қоймалары, ана мен бала бөлмесі, медициналық кеңселер, фудкорттар, мейрамханалар, 1500 орындық ішкі және сыртқы паркинг қамтылған.
Ғимарат қуат үнемдегіш лифтілермен, эскалаторлармен қамтылып, жылу жүйелері қыста ауаны жылытса, жазда салқындатады.
Жаңбыр суын жинап, оны қасбетті жууға пайдаланып, жақын аумақты көгалдандыруға жұмсалады.
Жолаушылардың кезек күтіп қалмауын болдырмау үшін кезекті басқарудың замануи қондырғысы, билетті электронды сату жүйесі, Интернетке шығу мүмкіндігі жасалады.
Жолаушыларды төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында лаңкестік оқиғалардың алдын алудың кешенді мүмкіндігі жасалады. Оның жолаушыларды тексеріп кіргізу құрылғысы, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Ғимараттың іші сыртында қозғалыс тәртібі тәулік бойы бақыланады.
Сондай-ақ, жаңа вокзал ашылған кезде 1300 адам жұмыспен қамтылады.
Айта кетейік, «Нұрлы жол» вокзалына алғашқы пойыздар 1 маусымнан бастап кіріп, шыға бастайды.