Жақында Еpetition.kz сайтында оқушы қыздардың формасына қатысты петиция жарияланды. Петиция авторы оқушы қыздардың белдемшесінің ұзындығы тізеден төмен болуы керек екенін жазып, мектеп формасына қойылатын талапты қайта қарауды сұраған.
Осы сайтта 1 шілде күні электросамокаттарды жалға беруге тыйым салу туралы петиция пайда болды. Петицияда жалға берілетін самокаттар жаяу жүргіншілер үшін қолайсыздық тудырып, кедергі келтіретіні жазылған. Бұл екі петицияны ведомство өкілдері қарауы үшін 50 мың қол жинауы керек.
Еpetition.kz сайтында осы екі петиция сияқты көптеген ұсыныс пен талап бар. Бұл петициялар үкімет пен қоғам байланысын көрсетіп, билік халықтың талап-тілегін тыңдайтындай көрініс тудырады. Шын мәнінде солай ма? Онлайн-петиция кімге пайдалы? Baribar.kz тілшісі сарапшылармен сөйлесіп көрді.
Онлайн-петиция қалай пайда болды?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев петиция туралы алғаш рет 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында айтты. Ол онлайн-петицияның заңды институтын құру қажет екенін жеткізіп, үкімет жобаның нормативті-құқықтық базасын әзірлеуге тиіс екеніне тоқталған.
Азаматтарымыз реформаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петицияның бірыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау әрекеттерінен толық қорғалуы тиіс. Үкімет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеуге және оның барлық техникалық мәселелерін шешуге тиіс, – деді ол.
2021 жылы онлайн-петицияға қатысты заң жобасы жасалып, талқыдан өтті. Қазақстан президенті осы заң жобасына 2023 жылғы 3 қазанда қол қойды. Осылай, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сай 50 мың дауыс жинаған петицияны үкімет қарауға міндеттелді. Петицияға өтініш беретін сайт 2024 жылғы 4 сәуірде іске қосылды.
«Бұл – азаматтардың көңілін аулау үшін ойлап табылған саяси айла»
Алғаш рет шетелден келетін көлікке алынатын утилизация алымына қарсы петицияға 50 мың қол жиналды. Бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияға да 50 мың адам қол қойды. «ЛГБТ насихатына қарсымыз», «Шенеуніктерге құмар ойын ойнауға тыйым салу» деген петициялар да тиісті нормадан асырып дауыс жинады. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бұл петициялар ең бірінші халыққа пайдалы.
Онлайн-петиция мемлекет басшысының «Халық үнін еститін мемлекет» деген концепциясы аясында іске асып жатқан үлкен жоба. Онлайн-петицияның жұмысы заң аясында реттелген. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Азаматтар цифрланған қоғамда петиция арқылы өз өтініш-тілектерін білдіреді. Осы уақытта төрт петиция 50 мың қол жинады. Министрліктер «Шенеуніктерге құмар ойын ойнауға тыйым салу» туралы петицияны толық қолдады, «ЛГБТ пропагандасына қарсымыз» петициясын ішінара қолдады, уақытты кері қайтару және утилизация алымына қарсы петициялар қолдау таппады. Онлайн-петиция — демократиялық принциптерді ескеріп, халықтың үнін есту үшін іске асырылатын саяси тетіктердің бірі. Осы себепке байланысты онлайн-петиция әуелі халыққа пайдалы. Мысалы, кейбір азаматтың өз үнін жеткізуге, ашық митиңге баруға мүмкіндігі болмайды. Кей адамның саяси мәселелер талқыланатын дөңгелек үстелдерге қолы жетпей жатады. Онлайн-петицияда азаматтар нақты, қажет мәселені көтеру арқылы өз үнін жеткізеді, – дейді ол.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт онлайн-петицияны енгізу саяси режим үшін қажет екеніне тоқталды.
Бұл петицияны енгізу — әуелі қазіргі саяси режимге қажет дүние. Өйткені кейінгі бірнеше жыл бойы бізде қоғаммен, азаматтармен диалогтың имитациясы жасалып келе жатыр. Онлайн-петиция осы имитацияның бір көрінісі, жалғасы деп айтуға болады. Онлайн-петицияның көп болуы ешқандай да тиімділік көрсеткіші емес. Өйткені ол жерде ақылға қонатын да, қонбайтын да петиция бар. Биліктің күн тәртібіне сәйкес келетін петициялар ғана қабылданып, тиімді петициялар бойынша ғана шешім шығарылып жатыр. Осындай себептерге байланысты және петицияның қабылдану, қаралу қарқынына қарап онлайн-петиция азаматтардың саясатқа араласуына ашылған мүмкіндік деп айта алмаймыз. Бұл – азаматтардың көңілін аулау үшін, Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген концепциясын тиімді деп көрсету үшін ойлап табылған саяси айла, – дейді саясаттанушы.
«Петицияға қол қоятын жерде «қолдаймын» деген ғана батырма бар»
«ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы» петиция 29 мамырда жарияланып, 10 күн ішінде 50 мың қол жинады. Журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында су тасқыны болған өңірлерде мектеп, аурухана және әкімдік қызметкерлерін ЛГБТ насихатына қарсы петицияға қол қоюға мәжбүрлегені туралы жазған еді. Желіде «Халықтың табысын арттыру үшін! Өндірісті дамыту үшін!» деген петицияға Qarmet қызметкерлерін күштеп қол қойғызып жатыр деген де ақпарат тарады. Шалқар Нұрсейіттің сөзіне қарағанда, петиция мүмкіндігін тиімді пайдалану үшін билік қол жинау сияқты амалдарды қолданбауы керек.
Біз биліктің шамына тиетін, билікке ұнамайтын петициялардың қаралмай жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, утилизация алымы және уақытты кері қайтару бойынша петициялар қабылданбады. Міне, бізде «саяси» деп айтуға келмейтін петициялар да қаралмай қалып жатыр. Бұл — петицияның тиімді емес екенінің көрсеткіші. Өз басым, әуелі біздегі сайлау жүйесін, сайлауға деген сенімді қайта қалпына келтіру керек деп есептеймін. Сайлау институттары тәуелсіз болмай, Қазақстанның саяси жүйесі реформаланбайды. Осы себепке байланысты президент әкімшілігінің және жергілікті әкімдіктердің сайлау нәтижесіне араласуын шектейтін нақты конституциялық шешімдер керек. Одан кейін бізде референдум институты дұрыс жұмыс істеуі керек. Референдум тек жалпыұлттық емес, аймақтарда да, қалаларда да, облыстарда да болуы керек. Облыс тұрғындарының өміріне әсер ететін шешімдерді жергілікті референдум арқылы шешуге болар еді. Петицияны әділ жолмен ұйымдастыра алса, петиция мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға болады. Демек, билік қол жинау сияқты амалдарды қолданбауы керек. Бастысы – петицияны қарайтын комиссия тәуелсіз болуы керек, – дейді ол.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев онлайн-петицияға қол қоятын жерде «қарсымын» деген батырманың жоқ екеніне тоқталды.
«ЛГБТ насихатына қарсы петицияға мұғалімдерді мәжбүрледі» деген ақпарат тарады. Чаттарда тарап жатқан ақпараттың скринін көрдім. Менің ойымша, бұл ақпарат негізсіз. Ол жерде мәжбүрлеу емес, «петицияны қолдауға шақырамын» деп отыр. Бұл – ақпарат таратудың формасы. WhatsApp топтарда ұнайтын петицияны қолдауға шақыруға, ақпарат таратуға қақыңыз бар. Ол азаматтар қолдай ма, қолдамай ма – өз еркі. Онлайн-петицияда ешкім ешкімді мәжбүрлеп дауыс бергізе алмайды. Өйткені дауыс беру үшін ЭЦП кілтіңіз керек. Онлайн-петицияның пысықтайтын тұстары да бар. Онлайн-петицияға қол қоятын жерде «қолдаймын» деген ғана батырма бар. Демек, азаматтар қарсылығын білдіретін мүмкіндік қарастырылмаған. Менің ойымша, заң аясында осыны пысықтау керек. Мысалы, сіз бір петицияны қолдауыңыз мүмкін, мен қолдамауым мүмкін. Сол себептен екінші жақтың да мүддесін петиция форматына енгізу керек, – дейді депутат.
«Билік халықтың назарын басқа жаққа аудару үшін көпшіліктің дауын туғызатын мәселелерді ашық талқылауға тырысады»
1 тамыз күні журналист, YouTube желісіндегі Ne deidi арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім сотында үкім оқылуға тиіс еді. Журналист Қылмыстық кодекстің «тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» (405-бап, 2-бөлім) және «экстремизмді қаржыландыру» (258-бап, 1-бөлім) баптары бойынша айыпталған. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 31 шілде күні хабарлаған. 1 тамызда полиция Думан Мұхаммедкәрімнің сотына бармақшы болған бірнеше белсендіні ұстады. Ол белсенділердің ішінде Абзал Достияр, тіркелмеген «Атажұрт» партиясының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан бар. Күштік құрылымдар Абзал Достиярды Қонаев қалалық сотына жеткізбей ұстап, 20 тәулікке қамаса, Бекзат Мақсұтханды 10 күнге қамаған. Осындай саяси оқиғалар болып жатқан тұста Астанада «ЛГБТ насихатына қарсымыз!» петициясын қоғам талқылап жатты. Талқылауды мәдениет және ақпарат министрлігі өз парақшасында тікелей эфирден көрсетті. Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт билік елдегі шынайы проблемаларға көз жұму үшін көпшіліктің дауын туғызатын мәселелерді ашық талқылауға тырысатынына тоқталды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұл петицияны ұйымдастырудағы бас мақсаты – демократиялық құндылықтарды қазақ мәдениетіне қарсы келетін құрал деп көрсету. Демек, «ЛГБТ құқығын қорғау қазақ мәдениетіне, дәстүріне сай келмейді. Біздің өз жолымыз болуы керек, өз демократиямыз болуы керек» деген месседжді насихаттау болып тұр. Көптеген азамат бір әлеуметтік топтың құқығын шектеу басқа да әлеуметтік топтың құқығын шектеуге алып келетінін түсінбей отыр. Сондықтан билік халықтың назарын басқа жаққа аудару үшін, елдегі шынайы проблемаларға көз жұму үшін осындай көпшіліктің дауын туғызатын мәселелерді ашық талқылауға тырысады. Осы арқылы дәстүрлі құндылықтарды қорғағысы келетіндей көрінеді. Бұл – авторитар режимнің стратегиясы, демократияға қарсы бағытталған іс-қимыл. Қазақстанда 20-дан астам саяси тұтқын бар. Олардың проблемасы шешілмей, Қазақстанда сөз бостандығы, ой бостандығы бар деп айта алмаймыз. Ал онлайн-петиция бұл мәселелерді шешетін құрал емес, жай ғана саяси технологияның бір түрі, – дейді ол.
«Петицияның тиімділігі елдегі саяси режимнің табиғатына байланысты»
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев петиция көптеген дамыған елде бар екеніне тоқталып, қоғам үшін қажет екенін айтып отыр.
Онлайн-петиция – пікір білдірудің альтернатив формасы. Онлайн-петиция өмірін смартфонмен байланыстырған жастар үшін де ыңғайлы формат. Менің ойымша, онлайн-петиция дами береді. Бұл нәрсе Еуропа мемлекеттерінде де, Америка Құрама Штаттарында да бар. Демек, петицияны бәрі пайдаланады. Бұл – қазіргі заманның талабы. Бұл қоғам үшін қажет. Демократ, ашық қоғам құрамыз десек, міндетті түрде халықтың үнін еститін кез келген форматтағы осындай институционалды жүйелерге жұмыс істеуге мүмкіндік беруіміз қажет, – дейді депутат.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт петицияның тиімділігі елдегі саяси режимнің табиғатына байланысты екенін айтып отыр.
Петиция — әлемде көптеген елде бар практика. Дегенмен петицияның тиімділігі елдегі саяси режимнің табиғатына байланысты. Елде демократиялық режим болса, азаматтардың мәселелері жан-жақты қарастырылып, билік ол бойынша тиімді шешім қабылдауға тырысады. Қазақстан секілді авторитар мемлекетте петиция бар болғаны азаматтардың көңілін аулау үшін керек. Бұл манипуляцияның бір құралы болып тұр. Қазақстан жағдайында петиция онлайн кеңістіктегі саяси белсенділікті бақылауды күшейтеді. Демек, биліктің күн тәртібіне сай келмейтін петициялардың артында кім тұрғанын күштік құрылымдар, құқық қорғау органдары нақты біледі. Қудалау жеңілдейді. Одан бөлек азаматтар онлайн өмірде ғана саясатқа араласумен шектеліп қалуы мүмкін. Демек, адамдар митиңге шығуға, пикетке шығуға, офлайн саяси әрекеттермен айналысуға ниет танытпауы мүмкін. Бұл нәрсенің бәрі қазіргі авторитар режимге тиімді. Одан бөлек, митиңге шыққан адамдарды қаралау жалғасады. Өйткені «Митиңге шықпай-ақ, петициямен бүкіл биліктің назарын аударуға болады. Неге соны пайдаланбайсыздар?» деген аргумент айтылады. Онлайн-петиция қазақстандықтардың саясаттан көңілі қалуын күшейте береді. Бірақ бұл түбінде елдегі саяси, қоғамдық тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін. Өйткені азаматтардың үні естілмесе, проблемалары шешілмегсе, олар радикалды әрекеттерге баруы мүмкін, – дейді саясаттанушы.
Осы уақытқа дейін 4 петиция 50 мың қол жинады. «Шенеуніктерге құмар ойын ойнауға тыйым салу» петициясы мақұлданып, петициядағы бірнеше ұсыныс «ойын бизнесі» туралы заңға енгізілді. Заң негізінде мемлекеттік қызметкерлерге, әскери қызметкерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, бюджеттік ұйымдардың басшыларына құмар ойын ойнауға, бәс тігуге шектеу қойылды. Бұл шектеуді сақтамағандар жұмыстан шығарылуы мүмкін. Мәдениет және ақпарат министрлігі «ЛГБТ насихатына қарсымыз!» петициясын ішінара қолдады. Министрлік петиция бойынша нақты шешім шығармады. Утилизация алымы мен бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция мақұлданбады. Қазақстанда петицияны қарау тәртібі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтқан. Ол 50 мың дауыс жинау тым жеңіл екенін жеткізген.