Үш облысты байланыстыратын «Күрті-Бұрылбайтал» жолы ашылды

«Күрті-Бұрылбайтал» автожолының жөндеу жасалған бөлігі ашылды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады.

Республикалық маңызы бар «Күрті-Бұрылбайтал» автожолының 2214-2295 шақырымы аралығындағы учаске қайта жаңартудан өтті. Жолдың бұл бөлігі Алматы облысында орналасқан.

Ұзындығы 81 шақырым болатын учаске – «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізінің маңызды бөлігінің бірі. Бұл дәліз Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстарын байланыстырады. Оның халықаралық, облысаралық, жергілікті көлік және жүк тасымалын қамтамасыз етуде маңызы зор, — деп жазылған ведомство хабарламасында.

Осы дәлізге қарасты Алматы облысы бойынша 166 шақырым жолды жаңарту жоспарланған.

Ұзындығы 81 шақырым болатын «Күрті-Бұрылбайтал» учаскесі Жамбыл және Алматы облысының шекарасынан басталып Қаншеңгел ауылына дейін созылып жатыр. Қайта жаңартудан өткен автожол І-б техникалық санатына ауыстырылып, екі бағытта төрт жолақты қозғалыспен қамтамасыз етілді, — делінген хабарламада.

Жолда 3 млн м³ астам жер жабыны орналастырылып, 1,5 млн м² аса үш қабатты асфальтбетон төселді. Сонымен қатар 8 көпір мен 66 суөткізгіш құбыр орнатылған.

Компанияның айтуынша, автожолдың жаңа учаскесі қауіпсіз жол қозғаласының заманауи талаптарына сай және жол қозғалысын ұйымдастыру үшін барлық қажетті құрылғы орнатылған.

Жолдың көлік пайдалану деңгейі жоғары болады. Төрт жолақты автожолда жүру уақыты айтарлықтай қысқарды. Нәтижесінде Қытай, Ресей мен Орталық Азия елдер арасындағы транзиттік тасымалдар өсіп, Балқаш көліне қарай туристердің саны артады, — дейді компания.