Басты бетЖаңалықтарТүркістан облысында...

Түркістан облысында «Taza Qazaqstan» платформасы сәтті жұмыс істеп тұр

Еліміздің барлық аумағында шілде айынан бастап «Taza Qazaqstan» платформасы іске қосылды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысында «Taza Qazaqstan» платформасы сәтті іске асырылып жатыр.
Өтінімдер @TazaQazBot telegram-бот арқылы қабылданады. Жұмыс алгоритмі бойынша операторларға түскен өтінімдер санаттарына сай әкімдік қызметкерлеріне, яғни орындаушыларға жолданады. Жұмыстың орындалу мерзімі – 3 жұмыс күнінен 14 күнге дейін. Орындаушы атқарылған жұмыстарды фотоға таспалап, платформаға жүктейді. Өтініш иесіне жауап сол мезетте telegram-бот арқылы түседі. Осылайша, тұрғындармен кері байланыс орнатылады.
Қазіргі уақытта жүйеге жалпы 216 өтінім түсіп, оның 74-і орындалды. Қалған өтінімдер мағынасыз әрі сапасыз болғандықтан, кері қайтарылды.
Жүйе жұмысын оңтайландыру мақсатында жүйені әзірлеушілермен бірге күнделікті тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге облыстың барлық аудан, қала әкімдерін жүйеге енгізіп, оқыту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Айта кетейік, Түркістан облысында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 807 елді мекенде сенбілік өткізілетін болады. Бүгінгі күнге дейін 133 елді мекенде сенбіліктер өткізіліп, 763,7 тонна қоқыс шығарылды. Бұл шараға 21 604 тұрғын, 261 техника тартылды. Бұдан бөлек, әр аптаның сенбі күні жаппай сенбіліктер ұйымдастырылуда.
Жауапты сала мамандары арқылы апта сайын аудан, қала аумақтарының тазалығына мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы екі ай ішінде басқарма мамандарымен аудан, қалаларда 757 қоқыс орны анықталып, соның ішінде 718-і тазаланды.
«Қазақстан ғарыш сапары» АҚ тарапынан 2024 жылы 41 заңсыз бейберекет қоқыс орны анықталып, бүгінгі таңға 24 орын толығымен тазаланып, жұмыстар өз жалғасын табуда.
Одан бөлек, құқық қорғау органдары тарапынан ҚР «Әкімшілік құқық бұзу туралы» кодексіне сәйкес тазалықты сақтамаған азаматтарға хаттамалар толтырылып, айыппұл салынуда. Биылғы шілде айындағы көрсеткіш бойынша қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 16 мыңнан астам хаттама толтырылып 178,2 млн. теңгеге айыппұл салынды.