Биыл Алматыда 274 көше 250 км-ге жаңартылады, бұл жақсы жағдайдағы жолдың үлесін 92%-ке дейін арттырады.
Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
20 магистральдық көшені жөндеу кезінде үлкен беріктік үшін полимерасфальтбетон қолданылады, ал қоспаның суып, тиісті талапқа сай қатуы үшін жөнделетін аумақ 36 сағатқа жабылады.
Қала тұрғындары үшін қолайсыздықты азайту үшін жұмыс негізінен түнде жүргізіледі.
Қала әкімі Ерболат Досаев магистральді көшелерді жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңына дейін, ал аудандық маңызы бар көшелерді жөндеуді қазан айының соңына дейін аяқтауды тапсырды, — деп жазылған хабарламада.
Орташа жөндеу аясында жаңа жаяу жүргіншілер өткелдері мен қауіпсіздік аралдары салынады, тротуарлар жаңартылып, зақымдалған арық науалар ауыстырылады.