Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алуға 145 мың грант бөлінді. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа оқу жылында еліміздің колледждерінде мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 145 мың орынға дейін артты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 мың орынға көп, — деп жазылған хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, студенттерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 90% болды.
Мемлекеттік тапсырыстың 65% машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және инженерия секілді техникалық мамандықтарға бағытталған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 70%-ке, ал мемлекеттік тапсырыс көлемі 100%-ке дейін өседі.
Колледждерге талапкерлерді кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жұмысқа орналастыру міндеттемесімен қабылдау жалғасып жатыр. Ол бойынша жыл сайын 10 мың талапкер қабылданады. Бұл кадрларды еңбек нарығының талабына сәйкес дайындауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта 518 кәсіпорын 410 колледждің түлектерін практикалық даярлауға, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ете отырып, дуальді оқытуға және шефтік қамқорлық көрсетуге қатысып жатыр.