Басты бетЖаңалықтарПрезидент Жапония...

Президент Жапония премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония премьер-министрі Фумио Кишидамен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда болған жер сілкінісіне байланысты жапон халқына сабыр тілеп, табиғат апатының салдары ауыр болмайды деп үміттенетінін айтты.

Фумио Кишида Қазақстанға ресми сапарын, соның ішінде «Орталық Азия + Жапония» Диалогының бірінші саммитіне қатысуын амалсыздан кейінге шегергенін өкінішпен жеткізді.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фумио Кишида қазақ-жапон қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын талқылап, өңіраралық ықпалдастық мәселелері жөнінде пікір алмасты.