Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Нұрлан Жақыпов қордың биылғы бірінші жартыжылдықтағы қызметінің негізгі қорытындылары және алдағы жұмыстарының жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, басты өндірістік көрсеткіштер жоспарға сәйкес атқарылып отыр. Қордың кірісі 7,9 триллион теңге болды. Бұл белгіленген жоспардан 7%-ке артық.
Қор тікелей шетелдік инвестицияның катализаторына айналды.
Сонымен қатар мұнай-газ химиясы, энергетика, көлік және логистика, машина жасау, цифрландыру салаларындағы жобаларға шетелдік серіктестерімен бірлесіп инвестиция құяды. «Самұрық-Қазына» тобының инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 53,5 триллион теңге болатын 130-дан астам жоба бар екенін баяндады. Мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, логистика салаларында және тау-кен өнеркәсібінде жүзеге асырылатын жобалар ел экономикасына мультипликативті әсер етеді деп жоспарланған.
Қордың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы қайырымдылық жобалары туралы мәлімет берді. Жыл соңына дейін елімізде 40 оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, сонымен қатар қор жұмысын одан әрі жетілдіру жөнінде нақты тапсырма берді.