Басты бетPushГимнаст Нариман...

Гимнаст Нариман Құрбанов күміс медаль алды

Гимнаст Нариман Құрбанов тұтқалы ат жаттығуында күміс жүлдеге ие болды. Бұл – Қазақстанның гимнастикадан Олимпиада ойындарында алған ең алғашқы медалі.

Нариман Құрбанов жаттығуы үшін 15,433 ұпай алды. 15,533 ұпай жинаған  ирландиялық Рис Маккленаган Олимпиада чемпионы болды.

Токио Олимпиадасына жолдама ала алмаған соң Парижге дейін қалай нәтижемді жақсартамын деген ой көп болды. Жаттығу бағдарламамды толық өзгерттім. Үш жылда, яғни осы олимпиада циклі ала-құла болды. Бір ірі жарыста жүлде алсам, бір жарыста психологиялық тұрғыдан соңына дейін жете алмай жеңіліп қалып жүрдім. Қазір Олимпиаданың күміс медалімен отырмын, бұған сене алар емеспін. Бұған көп еңбек еттім, көп жұмыс істедім, – деді Нариман Құрбанов.

Спортшы гимнастиканың Қазақстанда танымал емес екенін, бұл медаль осы жағдайды шешетінін жеткізді.

2013-2014 жылы мектеп бітіретін кезде мектепке таксимен баратынмын. Сол кезде әрбір жүргізуші «немен айналысасың, спортшысың ба?» деп сұрайтын. Спорттық гимнастика десем, бұл спортты ешкім білмейтін. Бізді көркем гимнастикамен, жеңіл атлетикамен не футболмен шатастыратын. Әрине, бұл Олимпиада жүлдесінен соң Қазақстанда спорттық гимнастика барын, біздің спортшылар жоғары орындар үшін күресе алатынын біледі деп ойлаймын, – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан қоржынында 4 медаль бар.