Басты бетЖаңалықтар«Жол» фильмі...

«Жол» фильмі «Красногорский» кинофестивалінде жеңіске жетті

Аталмыш фильм Қазақстандағы ең әйгілі спорт түрі – бокс туралы баяндайды. Картина ережесіз жекпе-жекке қатысатын жас жігіт туралы.

«Жол» фильмінің түсірілімі Алматы қаласында өтті. Түсірілім жұмыстарының бір бөлігі қаладағы «Барахолка» аталып кеткен базарда түсірілсе, жаттығу жұмыстары бейнеленген көріністер Қазақ ұлттық аграрлық университетінің спорт залында өтті. Фильмдегі басты рөлді «G.H.A.D» музыкалық тобының әншісі, жас актер Назар Шархан сомдаған. Ал бас кейіпкердің сүйіктісінің рөлінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлегі Динара Жұмағалиева ойнаған. Ал картина барысындағы ең жағымсыз кейіпкердің бейнесіне ҚР Еңбек сіңірген артисі Димаш Ахимов («Соңғы асу», «Примите Адама!»).  Сонымен қатар фильмде жаттықтырушының рөлін — ҚР Еңбек сіңірген артисі Ерік Жолжақсынов, Темірланның әкесінің рөлін – Ержан Түсіпов («Сіз кімсіз Ка мырза?») ойнайды.

2003-ші жылы құрылған «Красногорский» халықаралық фестиваль — Шығыс Еуропадағы және ТМД елдеріндегі ірі спорттық кинобайқау. Кинофестиваль президенті – әлемнің үш дүркін олимпиада чемпионы, әлемнің он дүркін чемпионы, он бір рет Еуропа чемпионы – Ирина Роднина.

Биылғы жылы фестиваль бағдарламасына 100-ге жуық спорт туралы кинотуындылар түскен. Фестивальге қатысу үшін таңдап алынған 70-ке жуық көркем және деректі кинофильмдер  15 елден ұсынылған.  Олардың арасында: Ресей, Австрия, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Қазақстан, Канада, Молдова және т.б.

«ЖОЛ»

Фильм туралы: Алматыдағы базарлардың бірінде жұмыс істеп оған қосымша жасырын өткізілетін ережесіз төбелес жарыстарына қатысып жүрген  көше төбелесімен шыныққан жас жігіттің өмір-тарихы баяндалады. Уақыт өте келе ол азамат өзі үшін  кәсіпқой бокстің рингі – өміріндегі ең маңызды дүние екенін түйсінеді.  Ол көше төбелесі мен қойылатын бәсақыдан құралған күнделікті тіршілігін тастап боксерлік клубқа келеді. Алайда оны өткен күндердің елесі еркіне қоя беруге бейіл емес…