Басты бетЖаңалықтарПремьер-министр автомектептерді...

Премьер-министр автомектептерді есепке алуды тапсырды

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов автомектептерге қойылатын талаптардың төмендеуі жүргізушілерді даярлау сапасы мен жүргізу мәдениетіне теріс әсер еткенін айтты.

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Автокөліктің техникалық жай-күйі жол қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Жыл сайын еліміздегі автопарк саны өсіп жатыр. Ал автокөліктерді техникалық тексеру сапасыз жүргізіледі, — деді Олжас Бектенов.

Ол техникалық қызмет көрсету орталықтары бас пайдасын ғана ойлап, жұмыс істейтінін айтты.

Жол үстіндегі қауіпсіздік және адамдардың өмірін сақтау мәселесі жекелеген тұлғалардың мүддесінен биік тұруға тиіс. Техникалық тексеру орталықтарының жұмысын жөнге келтіретін уақыт жетті. Көлік министрлігіне көлік құралдарына техникалық тексеру жүргізу сапасын тиімді бақылау тетігін әзірлеуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар үкімет басшысы қазір оқу орталықтарын ашу үшін лицензиялар мен рұқсаттар талап етілмейтінін, сондықтан олардың көпшілігінде қажетті материалдық база жоқ екенін де мәлімдеді.

Бүгінгі таңда сапасыз дайындық үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастағандықтан, оқу процесі көбінесе формальді түрде жүзеге асырылады. Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп барлық автомектепті есепке алу тапсырылды. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе талданады және қажет болған жағдайда жүргізушілерді даярлау және жүргізуші куәлігін алу тәсілдері қайта қаралады, — деді премьер-министр.