Қазақы киімнің басты міндеті — тұтас қара жамылғыдан арылтып, ақ жаулық, кең етек көйлекті қайтару. Ұзын сақал, қысқа балақпен де күрес күшейеді.
«Сапсиған сақал, қысқа балақ арқылы мұсылманның сипаты насихатталғанда — бұл қоғамды үрейлендіреді. Мұсылмандық туралы қалыптасқан құндылықтар жойылады. Бұл жерде сөзсіз ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келеді. Сондықтан бұл үрдісті тоқтатар нақты шаралар қабылдануы керек», — деді ҚР Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Құлекеев.
Алдағы уақытта қара қара киінген қыздардың киімі ашық түсті орамал, көйлекпен алмастырылмақ. Алдымен медресе шәкірттеріне тігілетін мұсылмандық киім үлгілерін қоғам құптаса, көпшілікке ұсынылады.
«Дәл қазіргі уақытта медреседе оқып жатқан қыздарымызға, шәкірттерімізге ашық түсті, көк түсті киім үлгілерін дайындап жатырмыз. Ол киім үлгілері шариғатқа да сай, дәстүрімізге де сай, жалпы қоғам алдында оғаш көрінбейді», — дейді ҚМДБ өкілі Ағабек Қонарбайұлы.
Дін өкілдерімен кездесу өткізген мемлкет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жамағатты ұйыта алмайтын, сөзі өтімсіз имамдарды да сынады. Бұдан былай шариғаттан аса алмайтын, сыңаржақ молда дін ісінен шеттетілуі мүмкін.
«Зорлықпен сақалын қырып алып тастауың мүмкін. Бірақ ішкі жан дүниесі, рухы, ділі, сенім мәселесіне біз ешқашан тыйым сала алмаймыз. Олардың бәрі шаблондар, құндылықтар. Сырттан келіп жатқан біз үшін құнсыз құндылықтар», — деді Досай Кенжетай, дінтанушы.
Айта кетейік, министрлік мұсылманның сырт-пішінін, жыл соңына дейін бекітеміз деп жоспар отыр.
Еске салсақ, 19 сәуір күні Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы қысқа балақ пен ұзын сақалдың біздің дәстүрге сай келмейтінін алға тартып, мұндайға заң жүзінде тыйым салуды ұсынды.