Алакөлде дельтапланнан құлап, зардап шеккен әйел мен ер адамның қазіргі жағдайы белгілі болды. Бұл туралы Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, олар жедел жәрдем көлігімен Алакөл ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілген.
Зардап шеккендердің жағдайы ауыр, олар анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды, — делінген хабарламада.
Олар қазір шокқа қарсы терапиядан, сонымен қатар толық клиникалық-диагностикалық тексерулерден өтіп жатыр. Талдықорғаннан емдеу мекемесіне екі маман – нейрохирург пен травматолог жіберілді.
Ауруханада науқастарды емдеуге қажет барлық дәрі бар. Жағдай бақылауда, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, 25 шілдеде Алакөл көлінде дельтаплан құлады. Ведомство өкілдері дельтапланнан суға құлаған екі адамды аман алып қалды.