Білім беру қызметінің тағы бір түрі eGov.kz порталына шығарылды. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Енді талапкерлер колледжге түсу үшін құжаттарын eGov.kz порталы арқылы тапсыра алады.
Құжат тапсыру кезінде порталды қолданушы оқу тілін жән өңірді таңдай алады. Порталда автоматты түрде абитуриенттің білімі, бағалары және оның сертификатының жалпы бағасы туралы ақпарат шығарылады. Азаматтардың жеңілдігі бар жекелеген санаттары үшін (І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар, ата-анасының қарауынсыз қалған балалар, және тағы басқа) жүйе оның мәртебесі туралы қосымша ақпаратты көрсетеді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар өтінімнің мәртебесін бақылап отыру және қажет болған жағдайда оны кері қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, бір абитуриент төрт колледжде төрт түрлі мамандықты таңдай отырып бір ғана өтінім бере алады.
Талапкер өтінімді беру үшін eGov.kz порталына кіріп, «Білім» бөліміндегі «Колледждер» санатын таңдауға тиіс. Мұндағы көрсетілген барлық кестені толтырып, файлды жүктейді және ЭЦҚ арқылы қол қояды.
Колледждерге құжаттар қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.