29 шілдеден бастап «Алматы жастары» бағдарламасына құжат қабылданады

«Алматы жастары» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасына өтініш қабылдау басталады. Бұл туралы қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы хабарлады.

Басқарманың мәліметінше, бағдарлама бойынша өтінімдер мен құжаттар 29 шілде мен 7 тамыз аралығында мына сайтта қабылданады.

Сайтта өтініш пен құжат қабылдау электронды цифрлы қолтаңба арқылы жүзеге асады. Несиенің ең жоғары сомасы — 18 миллион теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі — 5, бастапқы жарнасы — 10%.

Қатысушының жаңа салынған немесе қолданыстағы тұрғын үй нарығынан үй таңдау мүмкіндігі бар. Бағдарламаға қамтылатындар саны — 1 200 адам.

Қатысуға қойылатын негізгі талаптар:

  • Қазақстан Республикасының азаматтығы;
  • Өтінім беру кезінде өтініш берушінің және жұбайының (бар болса) Алматы қаласында тұрақты тіркеуі болуы;
  • Өтінім беру кезінде қатысушы 35 жасқа толмауы керек, ал жұбайының (бар болса) жасы есепке алынбайды. Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады;
  • Қатысушының және оның отбасы мүшесінде меншік құқығында тұрғын үйдің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында соңғы бес жыл ішінде тұрғын үй жағдайының әдейі нашарлауы фактісінің болмауы.
  • Қатысушының Алматы қаласында ең кемі соңғы алты ай бойы міндетті зейнетақы аударымы бар жұмыс өтілі болуы қажет. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО-лар және ҒЗИ, журналистер, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары, қалалық коммуналдық қызметтер және «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасы бойынша жалдаушылары (2019 жылы желтоқсан).

Еске салайық, «Алматы жастары 3.0» тұрғын үй бағдарламасы төмен пайыздық мөлшерлемемен 2020 жылы басталған болатын.

Оған 35 жасқа дейінгі алматылықтар қатыса алады.

Айта кетейік, «Алматы жастары» бағдарламасына қатысу үшін қалада тұрақты тіркелу міндетті емес.