Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтерді цифрландыру бойынша жұмыс аясында баланың денсаулық паспортын электрон форматқа көшіру жобасын әзірледі.
Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Ата-аналар бұл құжатты балалары бірінші класқа түскен кезде міндетті түрде мектепке ұсынады. Оны жыл сайын 380 мыңнан астам бала алады.
Баланың денсаулық паспорты – денсаулықты нығайтуға, аурулардың алдын алуға және кішкентай пациенттерді емдеуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар туралы ақпаратты қамтитын негізгі құжат.
Бұл құжатты қағаз жүзінде жүргізу көбінесе оның жоғалуына немесе өзекті деректерді жоғалтып алуға, емханаларда ұзақ күтуге әкелді. Осы проблемаларға жауап ретінде денсаулық сақтау министрлігі оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, баланың денсаулық паспортын электрондық форматқа ауыстыруға кірісті, — делінген министрлік хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін тестілеу кезінде баланың 72 электрон денсаулық паспорты (052-2/е нысаны) қалыптастырылды. 2024 жылғы тамызда EGov Mobile-мен электрондық паспортты интеграциялау процесі аяқталады деп жоспарланып отыр.
Ата-аналар үшін электрондық паспортты енгізу қағазбастылықты азайтуды және eGov Mobile және eDensaulyq электрон қызметтері арқылы балаларының денсаулығы туралы ақпаратқа ыңғайлы қол жеткізуді білдіреді.
Білім беру мекемелері оқушылардың денсаулық жағдайы туралы өзекті деректерді жедел ала алады, олар емханаларда медициналық қарап-тексеруден кейін автоматты түрде беріледі.