Алматының Әуезов ауданында 14 мыңға жуық бала тегін шығармашылық және спорттық біліммен қамтылған. Бұл туралы қала басшысы Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, қазір ауданда 14 мыңға жуық ваучер белсенді (қамту – 13 452). 2024 жылға 3,1 миллиард теңге бөлінді, алты айда 2 миллиард теңге игерілді, қалғаны 1,1 миллиард теңге. Биыл жыл соңына дейін толық игеру жоспарланып отыр.
2023 жылғы сәуір айында орталықсыздандыру аясында аудандық әкімдіктерге «Даму бала» бағдарламасы бойынша мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты іске асыру тапсырылды.
Әуезов ауданына 2023 жылы 13 мың баланы қамту үшін тоғыз айға 2,5 млрд теңге (шығармашылық тапсырыс – 1,2 млрд теңге, спорттық тапсырыс – 1,3 млрд теңге) бөлінді.
Сонымен қатар 2023 жылы бюджет қаражатын үнемдеуді игеру мақсатында 5 мың балаға ваучер берілді. 2023 жылдың соңында 18 мың белсенді ваучер болды, осыған байланысты балаларды «Даму бала» бағдарламасымен қамту үшін 2024 жылы 4,8 млрд теңгеге бюджеттік өтінім берілді, оның ішінде 13 мың балаға 3,1 млрд теңгеге қолдау көрсетілді.