ТЖМ: Шомылу маусымы басталғалы 30 бала суға кетті

Биыл елімізде шомылу маусымы басталғалы балалардың суға кетуі жиілеп отыр. Бұл туралы ТЖМ азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов айтты.

Шомылу маусымы басталғалы 70 адамның ажалы судан келді. Оның ішінде 30 бала бар. Өткен жылы 83 адам суға кетіп қайтыс болған. Биыл суға кеткен баланың саны өткен жылмен салыстырғанда көп, — деді Ақылбек Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

ТЖМ өкілінің айтуынша, суға кеткен балалардың дені қараусыз қалған немесе рұқсат етілмеген жерде шомылған.

Дегенмен жыл сайын суға батып қайтыс болғандар саны азайып келеді. Атап айтқанда, 2021 жылы 3%-ке, 2022 жылы 42%-ке, 2023 жылы 4%-ке, биыл 15%-ке төмендеді. Кейінгі 10 жылда 2 мыңнан астам адамның өмірі судан қиылды (2 240 ересек, 701 бала), — дейді ол.