Басты бетЖаңалықтарОлжас Бектенов...

Олжас Бектенов Алматыны сумен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді

Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Алматыға келді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ол мемлекет басшысының инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау және индустриялық негізді нығайту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын қадағалау мақсатында барды.

Сорғы станциясының аумағында үкімет басшысы мегаполистің жоғарғы аудандарын сумен қамтамасыз етудің резервтік жүйесін салу жұмысының қарқынын тексерді. Жобаның маңызы жерүсті суларына тәуелділікке байланысты.

Бұған дейін 2023 жылғы 18 тамызда Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте селдің көбеюі және өзен суы лайлануының артуына байланысты президент қаланың жоғарғы бөлігіне ауыз су беруді шектемеу үшін аталған мәселені шешуге тапсырма берген болатын. Мәселен, Алматы алты негізгі көзден: Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай, Қарғалы өзендерінен және Алматы мен Талғар кен орындарының жерасты су жинағышы арқылы сумен қамтамасыз етіледі.

Қала тұрғындарын сумен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Талғар жерасты су жинағышынан тәулігіне 17 мың текше метр көлемінде қолданыстағы желілерді қосымша толықтыруға жағдай жасалды. Жоба қуаттылығы 15 мың текше метр болатын жаңа алты ұңғыма салуды және қуаттылықты 60%-ке арттыра отырып, алты сорғы стансасындағы 14 сорғыны ауыстыру керек, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар премьер-министрге Алматының барлық тұрғынын орталықтандырылған сумен қамту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс барысы туралы баяндалды.

Өткен жылы 117 шақырым су құбыры салынып, 46 шақырымы жаңғыртылды, бұл Алматы тұрғындарының 99,3%-ін орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Алатау, Бостандық және Наурызбай аудандарының тұрғындарын сумен қамту мәселесін шешу үшін төрт су жинағыш құрылысы мен жобасы жүргізіліп жатыр. Биыл 142 шақырым инженерлік коммуникация салу және 48 шақырым желіні жөндеу жоспарланған. Қабылданған шаралар жыл соңына дейін тұрғындардың 99,6%-ін орталық сумен қамтуға және желілердің тозу деңгейін 53,8%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.