Жыл басынан бері Түркістан облысында қоғамдық орындарды ластаған 10 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Жалпы пайдалану орындарын, лаябақтарды ластап, белгіленбеген орындарға қоқыс қалдырғандарға айыппұл салынады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қоғамдық орындар мен көшелерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысында жан-жақты талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңеске құқық қорғау органдарының басшылары, барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күн сайын 400-ден астам полицияның кешенді күштері жұмылдырылады.
Бейнекамераларының көмегімен жыл басынан бері 100 қылмыс ашылып, 10 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Мысалы, бейнекамера арқылы кәмелетке толмағандар жасаған вандализм фактілері анықталады. Атап айтқанда, аз уақыт ішінде автобус аялдамасының әйнегін, көшедегі тренажер мен ойын автоматын сындырғандарға қатысты заңды шешім қабылданды.
Биыл тағы 450 бейнекамера орнату жоспарлануда. Облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтбаевтың баяндауынша, Түркістан облысы бойынша қоғамдық орындар мен көшелерде 42 мың 427 әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолы кесілді, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 34 пайызға жоғары. Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактісі бойынша 10 мың 614 жағдай анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52,2 пайызға артып отыр.
Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыруға зиян келтірген 3 мың 736 бұзушылық фактісі анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде биылғы жылдың 5 айында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 43 төмендегені анықталды. Жалпы қоғамдық орындар мен көшеде жасалған қылмыстардың саны бойынша Сарыағаш ауданында, Түркістан, Кентау қалалары мен Сайрам, Жетісай, Төлеби аудандары көш бастап тұр. Қылмыстардың басым бөлігі түнгі уақытта жарықпен қамтамасыз етілмеген орындарда жасалған.
Маусымның 20 мен 30 күндері республика көлемінде «Құқықтық тәртіп» іс-шарасының 3 кезеңі өтуде. Жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезеңінде жеке құрам қоғамдық орындар мен көшелерде қылмыстардың алдын алу, оның ішінде жасөспірімдермен, оларға қатысты құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағдарланған.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мұндай қылмыстардың және құқық бұзушылардын алдын алу мәселесін шешу тек полицияның күшімен мүмкін емес екенін, сондықтан жергілікті жерлерде бірлескен жұмыстарды атқаруды тапсырды. Мәжіліс барысында берілген тапсырмалар, айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелер хаттамаға енгізіліп, нәтижелі жұмыстарды атқару міндеті жүктелді. Жалпы қылмысты төмендету бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе нақты шаралар қабылдауды, осы бағытта жұмысты жалғастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.