Астанада Ғалия Бейсенғалиеваның «Таңғажайып Моцарт» концерті өтеді

Ғалия Бейсенғалиева кеш бағдарламасын көрнекті скрипкашы, Қазақстанның симфониялық оркестрінің концертмейстері, профессор Сағадат Бейсенғалиевтің құрметіне арнамақ.

Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері маэстро Абзал Мұхитдиновтің жетекшілік етуімен «Астана Опера» Камералық оркестрі қатысады.

«Маған өз Отанымда өнер көрсеткен қымбат, бұл менің туған топырағым. Ұжыммен төртінші рет өнер көрсетпекпін, әрбір кездесу ерекше естеліктер қалдырады. Маэстро Абзал Мұхитдинов – терең ойлы музыкант. Оның кәсіби дарыны мен шеберлігі әртістерге сенімділік пен еркіндік береді. «Астана Опера» театрының көрерменге лық толы залы қуантады, көпшілік қауым арасында менің құрдастарымның қарасы көп. Уақыт зымырап, заман өзгерген сайын еліміз әлемдік интеграцияға ұмтылуда, ал өнер – әлемдік мәдениеттің маңызды бөлігі», — деп атап өтті Ғалия Бейсенғалиева.

«Астана Опера» театрындағы концерттен кейін скрипкашыны Нью-Йорктің және Лос-Анджелестің көрермені күтеді. Содан кейін Абу-Дабида Заманауи лондондық оркестрдің сүйемелдеуімен оның жеке шығармаларының тұсауы кесіледі.

ДереккөзEgemen.kz