Ғалымдар бүгінге дейін адам миы мен компьютерді байланыстыратын бірнеше интерфейс жасап шығарған. Бірақ олардың ешқайсысы адамның не туралы ойлап тұрғанын анықтай алмады.
Ал Жапонияның Тоехаси қаласындағы Технологиялық университеттің зерттеушілері электроэнцефалограммалардың мәліметімен адамның ойлап тұрған жекелеген сөздері мен сандарды анықтай алатын технология жасап шығарды. Бұл технологияның адам ойын оқудағы максималды нақтылығы 90 пайызды құрайды.
Құрылғы электродтардан тұрады. Олар адамның басына кигізіліп, мидың сигналдарын бақылайды. Бұл құрылғы бірінші кезекте сөйлей алмайтын адамдармен байланыс құру үшін пайдалы.
Адамның ойлаған 0 мен 9 арасындағы сандарды анықтауда құрылғының нақтылығы 90 пайыз болса, жапонның бір түбірден тұратын 18 сөзін анықтауда 61 пайыздық нақтылықты көрсеткен.
Ғалымдар енді электродтардың санын азайтып, оларды смартфонмен байланыстыру мүмкіндігін қарастыруда. Олай болған жағдайда сау адамдар да осы құрылғы арқылы тіл қатыспай “сөйлесе” алатын болады.
Құрылғы 2017 жылы Швециядағы Interspeech халықаралық конференциясында таныстырылады.