Басты бетҚоғамОрдабасы ауданында...

Ордабасы ауданында 1300 гектарға су үнемдеу технологиясы ендірілмек

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Қажымұқан ауылдық округінде болып, “Жан-2004” ЖШС-ның жұмысымен танысты. Бұл серіктестік мемлекет басшысының тапсырмасына орай, 450 га алқапқа жаңбырлатып суғару әдісін енгізе отырып, мал азығын дайындап жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтар болсақ, 100 Га жоңышқа, 350 Га бидай еккен. Жобаның құны 250 млн тг. құрап, 10 адам жұмыспен қамтылған.

Шаруа қожалығы су үнемдеу арқылы гектарынан 720 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Одан бөлек серіктестік маусым айында қосымша 70 Га жерге жаңбырлатып суғару технологиясын ендірмек. Жоба құны 45 млн.тг.құрап, су үнемдеу құрылғыларын “BNK Irrigation” ЖШС-і алдырған.

Аудан басшысы аталған шаруа қожалықтың жұмысына оң бағасын беріп, су үнемдеу арқылы да мол өнім алуға болатындығын айтты.

Мемлекет басшысы былтырғы 1 қыркүйектегі Жолдауында су ресурсына, оны үнемдеу қажет екеніне ерекше тоқталған. 2030 жылдарға қарай еліміздегі су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін айтқан. «Судың да сұрауы бар» демекші, бірте-бірте оны үнемдеп пайдалануға көшуіміз керек. Мәселені түсініп ауданымыздың шаруалары су үнемдеу шараларын қолға ала бастаүаны қуантады, — деді аудан әкімі.

Бүгінгі таңда ауданда 31 шаруа қожалық 474 Га жерге тамшылатып суғару жүйесін енгізген. Осы жылға 1300 Га-ға жоспарланса, оның ішінде 300 Га жаңбырлатып, 1000 Га тамшылатып суғару жүйесін енгізу жоспары тұр.