Шымкент қаласында жасөспірімдер спорт лигасы құрылады

«Түрлі командалық спорт түрлері бойынша мектеп лигасын құрып, оны қаржыландыруда қаладағы ірі кәсіпкерлерді демеуші ретінде тартуға болады. Жеңімпаз деп танылған команда мүшелерін бағалы сый-сияпатпен марапаттап, саяхаттауға немесе түрлі гранттар ұтып алуына мүмкіндік жасауымыз керек»,- деді Ғабидолла Рахматоллаұлы қала әкімдігінің кезекті мәжілісінде.

Өз кезегінде, ішкі саясат бөлімі басшысы Қ. Қалыбековтің айтуынша, қазіргі кезде статистикалық деректер бойынша қаламызда 14-29 аралығында 250 мыңға жуық  жас азаматтар тұрады, олар қала халқының 27 пайызын құрап отыр.

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың аясында арнайы іс-шаралар жоспары түзіліп, негізгі 3 бағыт анықталды.

  1. Бірінші бағыт – бұқаралық спортты дамыту, білім беру мекемелеріндегі жастарды қолдау;
  2. Екінші бағыт – жастар арасында қылмыспен құқықбұзушылықтың алдын алу;
  3. Үшінші бағыт — жастар арасында жұмыссыздықты алдын алу, кәсіпкерлікті дамыту.

Жұмыссыз жастарға тоқтала кетсек, жұмыспен қамту мақсатнда «Халықты жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында қайта даярлау курстары арқылы жастар оқытылады. Аталған мәселені шешу мақсатында, Шымкент қаласында орналасқан зауыттар, кәсіп орындар фермалар және т.б. орналасқан кәсіп орындарымен қызмет көрсету орталықтарының картасы жасақталуы қажет екендігі айтылды.