Астана қалалық сотында Қайрат Нұртасқа қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс апелляциялық тәртіппен қаралды.
Бұған дейін әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қаулысымен танымал әнші ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынған болатын.
Бүгін Астана қалалық сотында Қайрат Айдарбековке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс апелляциялық тәртіппен қаралды.
Бірінші сатыдағы сот Қайрат Айдарбековтың ұшақ ішінде жанжалдасу кезінде азамат Асылбек Бекқайыровқа қол жұмсап, оның денсаулығына жеңіл зиян келтіріп, төбелес кезінде балағат сөздер айтқанын анықтады.
Құқық бұзушының адвокаты қаулымен келіспей, 434-баптың 2-бөлігі бойынша шағымданып, құрамның болмауына байланысты соттан іс жүргізуді тоқтатуды сұрады. Қаулының күшін жою үшін негіз анықталмағандықтан апелляцияның 2024 жылғы 9 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың сот актісі өзгеріссіз қалдырылды. Қаулы заңды күшіне енді, — деп хабарлады ҚР жоғарғы сотының баспасөз қызметі.