ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов жол жөндеу қаражатын игеру қарқыны төмен өңірлерді атады.
Президент 2025 жылдың соңына қарай республикалық жолдардың барлығын нормативтік жағдайға келтіруді тапсырған еді. Қазір күре жолдарды күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Биыл бірқатар ірі жобалар – «Қарағанды – Алматы», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахань» және «Талдықорған – Өскемен» жобалары аяқталуға тиіс. Сонымен қатар республиканың шамамен 2,5 мың шақырым жолында жөндеу жұмыстары қолға алынды, — деді Олжас Бектенов үкімет отырысында.
Оның айтуынша, өзекті проблеманың бірі – қаржыландыру. Кейбір өңірлерде жалпы сипаттағы трансферттерді игеру қарқыны төмен. Мысалы, мұндай проблемалар Ақтөбе, Түркістан және Ұлытау облыстарында бар.
Тағы бір мәселе – жобаларды іске асыру мерзімдерінің мүлтіксіз сақталуы. Бұл әсіресе, солтүстік және шығыс өңірлер үшін маңызды. Өйткені онда құрылыс маусымы қысқа. Сондықтан қарқынды төмендетпеу үшін қажет шаралардың барлығын дер кезінде қабылдау керек, — деді үкімет басшысы.
Бүгінгі таңда жаңа автожол жобаларын бастау үшін 550 учаскені алу қажет. Олардың ішінде «Қарағанды – Жезқазған», «Ақтөбе – Ұлғайсын» және «Сарыағаш қаласының айналма жолы» бар.
Осыған орай өңір әкімдіктеріне 2030 жылға дейін жоспарланған барлық жаңа автожол құрылысы жобаларының бойындағы жер учаскелерін алуды және резервке қоюды қамтамасыз етуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.